Қазақстанда геодезия мен картография саласы жаңа талаптармен жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қолданыстағы геодезия және картография туралы заңы 2002 жылы қабылданғанын атап өту қажет. 20 жылда геодезия мен картография саласында елеулі өзгерістер болды. Цифрлық технологиялар, спутник жабдықтары өндіріске енгізіліп, кеңінен қолданылып келеді. Кеңістік деректерінің дәлдігіне, өлшеу тиімділігіне деген талаптар өсті», - деп тоқталды ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин

Осы орайда ол олқылықтар мен қайшылықтарды түзету үшін жаңа заң жобасын қабылдау қажет екенін айтты.

«Геодезия және картография саласының жағдайы мемлекеттегі кадастр, жер мен мүлік қатынастарының сапасына тікелей әсер етуі өте маңызды. Демек, әрбір азаматтың мүддесін қозғайды. Халықтың көпшігіні геодезия ғылымымен таныс емес. Біз тұратын әрі жұмыс істейтін ғимараттар, жүретін жолдар мен көпірлерді жобалау әрі салу кезіндегі қателіктерді жою, сондай-ақ ұшақтардың ұшуы мен қонуы кезіндегі кедергілерді анықтау және басқа да салалар геодезия өлшемдерінің дәлдігіне байланысты. Заң жобаларының негізгі міндеттері – Қазақстан Республикасын жоғары дәлдікті геодезия координаттар жүйесімен қамтамасыз ету және оның негізінде елдің бірыңғай цифрлық картография негізін құру», - деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі кезде елімізде кеңестік кезеңнен қалған 1942 жылғы СК-42 мемлекеттік координаталар жүйесі орнатылған. Бұл жүйе қазіргі заманның талаптарына сай емес, әбден ескірген, деректердің дәлдігі мен тиімділігі төмен.

Қазақстанда бірыңғай мемлекеттік координаттар жүйесі жоқ,. Мәселен, бір елді мекеннің әртүрлі бірнеше координаттар жүйесі болуы ықтимал.

Заң жобасында қарастырылған жаңашылдықтардың бірі – Ұлттық кеңістік деректері инфрақұрылымын (ҰКДИ) енгізу. Яғни ақпараттар дәл, жедел және өзекті болуы үшін кеңістік деректері бір платформада бірыңғай форматта және бірыңғай талаптарға сай құрылатын болады.

Негізгі Заңның жобасы жүзеге асса, жер қатынастары, сәулет, құрылыс, жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау, геология, тұрғын үй-коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласында көрсетілетін қызметтердің жылдамдығы мен сапасы, мемлекеттік бақылаудың тиімділігі мен жеделдігі артып, сондай-ақ адал бәсекелестікке жол ашылады.

Мұнымен қоса, ілеспе заң жобасында Жер кодексіне, сондай-ақ «ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Мемлекеттік шекарасы туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар