Қазақстанда газ бағасын реттейтін тиісті норма енгізілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов тұрғын үйлерінде газды үнемдемей жағатындар үшін отын құны басқаша есептелетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы газға қатысты айтқан сөзінде ел халқы үнемдеп үйренуі керек екенін айтты», - деді Б. Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атуынша, бұл тұрғыда газ бағасы барлық тұтынушыға бірдей көтеріледі дегенді білдірмейді.

«Осы орайда жағылатын газдың тиісті нормасы енгізілуі мүмкін. Бұл ретте әр адамға қатысты немесе баспананың шаршы метріне қарай тұтыну нормасы болады», - деді министрдің міндетін атқарушы.

Оның сөзіне қарағанда, қазір бұл бағытта тиісті есептеулер жүріп жатыр.

«Егер тұрғынның жаққан газ көлемі тиісті нормадан айтарлықтай асып түссе, тиісті есеп-қисап ескерілмек. Яғни, газды үнемдемесе немесе тұрғын үйге коммерциялық нысандарды - мейрамханаларды, асханаларды қосып, оларды арзан тарифпен жылытса, бұл да дұрыс емес. Сондықтан адамға қажет көлемді ескере отырып, сол көлемде жағылған газдың бағасы тұрақты болады. Ал тиісті деңгейден асқан жағдайда, баға өседі», - деді Болат Ақшолақов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зәулім үйін төмен тарифпен жылытатындар үшін газдың текше метрі қымбатырақ болуы тиіс екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар