Қазақстанда ғалымдардың бірыңғай базасын құру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда ғалымдар мен зерттеушілердің бірыңғай базасы құрылуы мүмкін. «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына мәжілісмендер осындай норма енгізіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда зерттеушілер мен ғалымдардың бірыңғай базасы құрылуы керек деп есептейміз. Заң жобасына бұл норма да енгізілді. Қазіргі таңда біз ұлттық ғылыми кеңестің сапалы құрамын жасақтау мәселесін көтеріп жатырмыз. Алайда ол кеңеске ең мықты ғалымдарды тартып, ол сарапшы-ғалымдар ең мықты жобаларды іріктей алуы үшін бұл база құрылуы керек деп білеміз. Яғни бізге елдегі ғалымдардың рейтингін біліп отырған абзал. Бізде бұған дейін дау туғызар жағдайлар кездескен. Атап айтқанда, ұлттық ғылыми кеңестің құрамындағы ғалымның ғылымдағы жетістігі конкурсқа өтінім берген ғалымның жетістігінен төмен болған жайлар да болды. Сол үшін кеңеске мойындалған лайықты сарапшылар кіруі тиіс», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Жәмилә Нұрманбетова ведомствоаралық комиссия отырысынан кейін тілшілерге.

Депутаттың айтуынша, Білім және ғылым министрлігі заң жобасының бұл нормасын қолдамай, аталмыш базаны құру қосымша шығынды қажет ететінін алға тартқан.

«Бірақ меніңше, Ұлттық ғылыми сараптама орталығы арқылы бұл базаны құру соншалықты күрделі емес. Бірыңғай база болмағандықтан ғалымдарымыздың қанша екенін де білмейміз», - дейді Жәмилә Нұрманбетова.

Еске сала кетсек, бүгін Әділет министрлігіндегі ведомствоаралық комиссия отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралған болатын. Білім және ғылым министрлігі Мәжіліс депутаттары ұсынған 42 норманың 29-ын қолдаған. 11 норманы қолдамағанымен, алдағы отырыстарда заң жобасы кеңінен талқыланбақ.



Соңғы жаңалықтар