Қазақстанда Еуразия сәулетшілер академиясын құру ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өткен Халықаралық сәулетшілер конгресінде Еуразия сәулетшілер академиясын құру бастамасы көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазақстан сәулетшілер одағының президенті Серік Рүстембеков халықаралық конгресс қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты.

«Халықаралық конгресс барысында Еуразия сәулетшілерінің үздік шығармашылық идеяларын біріктіретін Еуразия сәулетшілер академиясын құру ұсынылды. Еуразиялық идеяны біздің Президентіміз ұсынып, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуында көп еңбек атқарған болатын. Сәулетшілер де бұл процестің бөлшегі ретінде өз академиясын құрғысы келеді», - деді Серік Рүстембеков ҚР Мәдениет және спорт министрлігіндегі жиында.

Оның айтуынша, Конгресс қатысушыларының басым бөлігі Еуразия сәулетшілер академиясының Астанада орналасуы қажеттігін айтқан. Алайда, ғимараттың орналасуы туралы нақты шешім әлі қабылданған жоқ. С. Рүстембековтың айтуынша, академия құрылымы туралы да кеңестер ұсынылған.

«Академия қандай болуы қажет деген тақырыпта пікірталас жүрді. Әрине, оның заманауи болғанын қалаймыз, құрылымы пирамида тәрізді иерархиялық емес, тұтас Еуразия кеңістігінде қарқынды дамитын қалыптамалық жүйе (матричная система) болғанын қалаймыз. Онда пікірлер мен жаңа жобалар алмастырылып, көрмелер өтуі керек. Яғни, біздің мәдениетімізді дамытып, сәулеттегі аға буын мен кіші буын арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді», - деп өз сөзін толықтырды С. Рүстембеков.

Айта кетейік, халықаралық сәулетшілер конгресі 16 шілде күні Астанада өтті. Оған Таяу және Қиыр Шығыс сәулетшілері, Қазақстан өңірлерінің сәулетшілері қатысты.

Соңғы жаңалықтар