Қазақстанда ет пен сүтті ауылға қарағанда қалалықтар көп тұтынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда ет пен сүтті ауылға қарағанда қала тұрғындары көбірек тұтынады. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда калориясы аз (рұқсат етілген шектен төмен) тамақтар тұтынатын халықтың үлесі 4,1% құрайды. Бұл туралы 2019 жылы үй шаруашылықтарына іріктемелі түрде жүргізілген зерттеу нәтижесінде белгілі болған.

«2019 жылы халық тұтынған тамақ өнімдерінің энергетикалық құндылығы күніне орташа жан басына шаққанда 3254 ккалды құрады. Ауылдық жердегі халықтың тамақтануы қалалық жерге қарағанда неғұрлым калориялы (құнарлы) екендігін атап өтуге болады», - делінген ақпаратта.

Еліміздің барлық өңірінде халық тұтынатын тамақ өнімдерінің нақты энергетикалық құндылығы ең төменгі шектен жоғары екені анықталды. Оның ішінде Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында – ең жоғары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында ең төменгі көрсеткіш тіркелді.

«Егер халық тұтынған тамақ өнімдерінің химиялық құрамын қарастыратын болсақ, онда ең жоғары үлес салмағы көмірсутегіне келеді. Ауылдық жердегі халық рационындағы көмірсутегінің үлесі (нан өнімдері және жарма өнімдері) қалалық жерге қарағанда жоғары. Құрамында ақуыз және майы өте жоғары (ет және ет өнімдері, сүт өнімдері және жұмыртқа) өнімдердің үлесі ауылға қарағанда қала тұрғындарында жоғары», - делінген статистикалық мәліметте.


Соңғы жаңалықтар