Қазақстанда ескі автобустарды пайдалануға шектеу қойылуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жолаушыларды автобуспен тасымалдау қауіпсіздігін арттыру үшін жол картасы әзірленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол картасы жобасын ҚР Ішкі істер министрлігі мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесіп жасаған.

«Жобада заңнамалық және ұйымдастыру-тәжірибелік сипаттағы бірқатар кешенді шаралар қарастырылған. Мәселен, ескі автобустарды пайдалануға шектеу қою мәселесі бар. Қазақстанда 90 мыңнан астам автобус тіркелген, оның тең жартысынан астамының пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кеткен. Бұл арқылы автобус паркі жаңарады деп үміттенеміз. Тасымалдаушы автобус жүргізушілеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейеді», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов елордада өткен брифингте.

Сонымен бірге, автобусты қайта жасақтауға тыйым салынады. Өзге көліктермен салыстырғанда, автобус қауіпті көлік саналады. Оған көбірек жолаушы сыятындықтан, апат құрбандарының да көп болуы ықтимал.

«Елдімекендерде автобус жылдамдығын 50 км/сағатқа дейін, қала сыртындағы жолда - 80 км-сағатқа дейін төмендету қарастырылуда. Қазіргі жол қозғалысы ережелерінде елдімекендердегі автобус жылдамдығы 60 км/сағат, қала сыртында - 90 км/сағат болып бекітілген. Ереженің бұзылуын автоматты тіркеу жүйесін кеңейтуді де ұсынамыз», - деді комитет басшысы.

Жобада жол инфрақұрылымын дамыту, әсіресе жол белгілерін, жаяу жүргіншілер белгісін жаңарту ұсынылған. Жол қауіпсіздігі туралы үгіт-насихат жұмыстары да маңызды. Әлеуметтік желілерге бейнероликтерді көбірек тарату қажет.

М. Байболовтың айтуынша, жол картасы жобасы биылғы маусым айында қабылдануы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар