Қазақстанда есірткінің жасырын жарнамасы бар 8 баннер анықталды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпараттық-коммуникациялық жүйелердің дамуымен интернет-ресурстар арқылы есірткі мен күшті әсер ететін заттарды сату және насихаттау фактілері көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттің арнайы бақылау топтары жыл басынан бері есірткі тарататын 5000-нан астам веб-сайт анықтап, бұғаттаған.

«19 қарашада әлеуметтік желілерде осындай сайтқа бағыттайтын QR коды бар баннерлер бірнеше қаланың көшелеріне орнатылғаны туралы ақпарат негізінде тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 8 баннер анықталып, алынып тасталды. Олар жарнама компаниясының тапсырысымен орнатылған», - делінген баспасөз хабарламасында.

Баннерлік жарнамаларға тапсырыс берген және орналастырумен айналысқан адамдар анықталды. Оларды ұстау және жауапкершілікке тарту шаралары қабылдануда.

«ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті жарнама бизнесімен айналысатындарға, полиграфия бойынша қызмет көрсететін компанияларға тапсырыстар мен өнімдердің есірткіге қарсы заңнаманың сақталуына сәйкес болуын міндетті түрде тексеру қажеттілігі туралы ескертеді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда есірткіні жарнамалаған баннердің қалай пайда болғанын әкімдік түсіндіріп берген еді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері есірткіге жарнама жасап, баннер ілгендерді іздеуге кіріскен болатын.

Соңғы жаңалықтар