Қазақстанда есеп айырысуда шетел валютасын қысқарту міндеті тұр - Данияр Ақышев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл объектілердің аумағында валюталық операцияларды реттеу керек. Сондай-ақ, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенін ескере отырып, заң жобасын әзірлеу қажет болды. Негізгі міндет валюталық операциялардың мониторингін кеңейту болып табылады. Қазақстан аумағындағы есеп айырысуда шетел валютасын қысқарту міндеті тұр. Заң жобасын қабылдау қарапайым азаматтарға әсер етпейді. Себебі олар үшін валюталық реттеудің либералды ұстанымдары сақталды», - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Белгілі болғандай, шетелдік ұйымдардың филиалдарын резидент ретінде тану ескерілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетелдік ұйымдардың филиалдары бейрезидент ретінде Қазақстанда валюталық операцияларды жүзеге асырады. Олардың Қазақстан тұлғаларымен есеп айырысуын теңгеге ауыстыру ұсынылады. Осы түзетулер жергілікті компаниялар мен шетелдік ұйымдардың филиалдары үшін бизнес жүргізудің тең талаптарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мұнымен қоса, валюталық операциялар туралы ақпарат жинау рәсімдерін жеңілдету шаралары қамтылып отыр. Тіркеу мен хабарлаудың күрделі режімі жойылады. Олардың орнына валюталық шарттарды бірыңғай есептік тіркеу енгізіледі.

Ақшаны елден шығаруға қарсы іс-қимылды күшейтуге мәселесіне тоқталған Д. Ақышев, ақшаны елден әкету белгілері бар валюталық операциялардың тізбесін енгізу, мемлекеттік кіріс органымен белсенді ақпараттық және өзге де өзара іс-қимыл ескерілетінін атап өтті. Ақпаратпен тиімді алмасу түрлі мемлекеттік органдарға бір мәміле бойынша жалған мәліметтерді анықтауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Қазақстандағы валюталық құндылықтардың айналыс тәртібін нақтылау көзделген. Мысалы, заң жобасы банктік емес айырбастау пункттеріне Ұлттық банктің шағын құймаларын сатып алу және сату құқығын ұсынады.

Соңғы жаңалықтар