Қазақстанда ертең «Музейлер шеруі» басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде 30 тамыздан бастап «Музейлер шеруі» атты жалпыреспубликалық акция басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында қолға алынып отыр. Акцияға республикалық және аймақтық музейлер қатысады.

«Музейлер шеруі» акциясы арқылы мәдениет ұйымдары ұлттық мәдени мұраның қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Бүгін де Қазақстанда түрлі бейіндегі 245 музей жұмыс істейді.

«Мәдениет пен өнер саласындағы жаңалықтарға, шараларға қазақстандықтардың назарын аударту, мәдениет нысандарына тұрғындарды тарту, азаматтармен бірге «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын талқылау мақсатында осы шара қолға алынды. Ертең, яғни 30 тамыздан басталатын «Музейлер шеруі» жалпыреспубликалық акциясы аясында әр айдың үшінші жұмасы кешкі сағат 21.00-ден бастап түнгі 03.00-ке дейін музейлер өз келушілеріне тегін кіруге мүмкіндік жасайды», - деді елордадағы Ұлттық музейде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сеитова.

Шара аясында еліміздің барлық музейлері өз қорларынан келушілердің түрлі жас шамасына арналған мәдени-танымдық бағдарламалар дайындайды. Келушілер Қазақстанның ежелгі заманынан қазіргі күніне дейінгі тарихы мен мәдениетін, экспозициялар мен көрмелерді тамашалай алады.

Алғашқы болып «Музейлер шеруі» жалпыреспубликалық акциясын Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музей, Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі, Павлодар қаласындағы П.Васильевтың музей үйі, Қостанай облысының тарихи-өлкетану музейі өткізеді.





Соңғы жаңалықтар