Қазақстанда ерлер белсіздігі - басты назарда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда ерлер денсаулығына баса назар аударылып отыр. Өйткені, ерлер денсаулығы - дені сау ұрпақ өсірудің кепілі. Ал, бұл мақсат Елбасының Жолдауында айтылған Қазақстандағы адам ресурстарын молайту мен сапалы медициналық көмек көрсетуді жолға қоюға ықпал етпек. Осы және «Денсаулыққа қарай 7 қадам» марафоны аясында өткен өзге де шаралар туралы Б.Жарбосынов атындағы Урологиялық орталық директорының ғылым бойынша орынбасары Ілияс Мұхамеджан ҚазАқпарат тілшісімен бөлісті.

- Қазақстанда тепсе темір үзетін ерлер денсаулығы жайында сандар қалай сөйлеп отыр?

- Бүгінде Қазақстанның ер-азаматтарының денсаулығы мәселесі өзінің өзектілігін жоймай отыр. Оған мынадай статистикалық деректер арқылы көз жеткізуге болады. Қазақстанда 2009 жылдан бері Б.Жарбосынов атындағы урологиялық ғылыми орталықтың бастамасымен «Ерлер денсаулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Аталған шара аясында Қазақстанның барлық аймақтарында 25 мыңға жуық ерлер тексерістен өткен. Скрининг нәтижесі көрсеткендей, қаралған ерлердің 56 пайызы белсіздікпен ауыратын болса, 30 пайызы - түрлі дәрежедегі ерлер бедеулігіне, 42 пайызы жыныстық жолмен жұғатын ауруларға шалдыққан.

- Ерлердің репродуктивті денсаулығына әсер етіп отырған негізгі кеселдер қандай?

- Осы бағдарлама шеңберінде Қазақстанның барлық аймағында 2009-2012 жылдар аралығында өткізілген «Ерлер денсаулығы күні» шарасының аясында 4021 ер адам тексерілді. Олардың 82 пайызы - созылмалы қуық асты безі қабынуы, 20 пайызы - қуық асты безінің қатерсіз ісігі (аденома), 37,3 пайызы - тестостерон жетіспеушілігі, 15,4 пайызы - көтеріңкі қан қысымы, 7,1 пайызы - қант диабеті ауруымен ауыратыны анықталды. Қан қысымы жоғары әрі қант диабеті ауруымен ауыратын науқастардың 72 пайызында белсіздік ауруы бар екендігі белгілі болды.

- Білінбей келетін кеселден келешекте әке болатын жасөспірімдерді қорғап қалу үшін қандай шаралар жүзеге асырылып отыр?

- Қазіргі жасөспірімдер ертеңгі ұрпақ жалғастырушы буын болғандықтан, олардың денсаулығы да денсаулық сақтау мамандарының жіті назарында. «Ерлер денсаулығы күні» шарасы аясында тексерістен өткен 458 баланың (жасөспірімнің) 414-інде түрлі сырқат бар екендігі анықталды. Балаларда көбіне бүйректің қабынуы, жарақаттар, крипторхизм сынды туа бітті және жүре пайда болатын аурулар кездеседі. Бұл балалардың барлығы қазір жергілікті емханалалардан ем-шараларын қабылдауда. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

- «Ерлер денсаулығы» бағдарламасын жүзеге асыру биыл да жалғаса ма?

- Иә. Биыл Қазақстанның әр аймағында бағдарламаның 2 кезеңі, яғни «Ерлер денсаулығы мектебі» атты шара басталды. Ол 2015 жылға дейін жалғасады. Қазір 5 аймақта өткіздік, енді 5 аймақты қамту көзделіп отыр. Наурыз айында Талдықорған қаласында өткізілді. Бұл жобаның мақсаты сәуірде басталған «Денсаулыққа қарай 7 қадам» марафонында көзделген отбасын жоспарлау қадамының мақсатымен түйіседі. Өйткені, дені сау ұрпақ өсіріп, отбасын жоспарлауда әлбетте, әйелдермен қатар, ерлердің денсаулығы да үлкен рөл атқарады. Ұрпақ тәрбиесі дегенде тек ана мен баланың денсаулығын айтып жатамыз. Бұл - дұрыс емес. Салалық мамандардың өзі ерлерді тексерген кезде, оның репродуктивті денсаулығына мән бермей жатады. Сондықтан, «Ерлер денсаулығы мектебінің» мақсаты - Ұлттық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандарымен біріге отырып ерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу, жұмысқа психологтарды тарту, салалық мамандардың ерлердің репродуктивті денсаулығына баса назар аударуына ықпал ету болып табылады. Сайып келгенде, жасалып жатқан жұмыстардың барлығы Елбасының биылғы Жолдауында айтылған Саламатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыру жайлы тапсырманы орындаудың алғашқы қадамдары болып отыр. Болашақта осы бағытта жұмыс жалғасатын болады.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар