Қазақстанда еңбек жасындағы мүгедектердің 25 пайызы ғана жұмыс істейді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде мүгедектігі бар 100 мың азамат жұмыс істеп жүр. Бұл – еңбек жасындағы мүгедектігі бар адамдардың төрттен бірі ғана деген сөз. Адамның қай топтағы мүгедек екені оның жұмысқа қабілетінің немесе қабілетсіздігінің көрсеткіші болып саналмайды. Мүгедектігі бар 200 мыңнан астам адамның қалыпты жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, қалғаны арнайы жағдай жасалса жұмыс істей алады. Мемлекеттің міндеті – еңбекке қабілетті барлық азаматты нәтижелі жұмыспен қамту үшін оларға бастапқыда тең жағдай жасау десек, осы қағидат мүгедектігі бар адамдарға да қатысты болуға тиіс», - деді Тамара Дүйсенова Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сондықтан, министрдің айтуынша, ұлттық жобалар аясында мүгедектігі бар 9 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделген.

Бүгінде олардың 3 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Электронды еңбек биржасында арнайы Кәсіптер мен оқулардың атласы бар. Бүгінде онда мүгедек адамдар істей алатын 5 мыңнан астам бос жұмыс орны көрсетілген.

Сонымен бірге субсидия берілетін әлеуметтік жұмыс орындарын қайта бағдарлау процесі басталып кетті.

Бүгінде сол арқылы 6 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Жаңадан арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілерді субсидиялау шаралары іске асуда.

Тек биыл осы мақсатқа бюджеттен 59 миллион теңге бөлінді. Осал топтар санатындағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін 10 мың грант қарастырылды.

Грант мөлшері 1,2 миллион теңгеге дейін ұлғайды.

«Жасалған шараларға қарамастан, мүгедектігі бар адамдардың қажетті дағдысы, машығы мен білімі жоқтығы оларды жұмысқа орналастыруға басты кедергі болып отырғанын мойындаған жөн. Осыған байланысты, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп білім беру бағдарламаларын, әсіресе үйде оқыту бағдарламаларын қайта қарау бойынша шаралар қабылданады», - деді Тамара Дүйсенова.

Бұған дейін Еңбек министрі ауылдық жерлерде мүгедектігі бар жандар үшін сыйымдылығы шағын үйлер ашылатынын айтқан еді.

Сонымен бірге, мүгедектігі бар жандарға қолжетімді нысандар стандартын қайта қарау керек.




Соңғы жаңалықтар