Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау актілері қайта қаралады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау актілері қайта қаралады. Бұл туралы бүгін «Еңбекті қорғау және еңбек саласының болашағы» тақырыбындағы конференцияда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 млн 600 мыңға жуық қазақстандық тексеруден өтті. Нәтижесінде бүгінгі күні шамамен 373 мыңға жуық адамның зиянды жағдайда жұмыс істейтіні анықталды. Бұл - тексеруден өткен жұмысшылардың әрбір төртіншісі деген сөз», - деді Б.Сапарбаев.

Оның атап өтуінше, қолайсыз жағдайлардың салдарынан өнеркәсіптік жарақаттар ғана емес, сондай-ақ кәсіптік аурулардың саны да көбейіп алып отыр. Мәселен, министрлік мәліметінше, тек 2018 жылы сақтандыру ұйымдары еңбекке қабілетін жоғалтуына байланысты залалды өтеу үшін 2 606 қызметкерге 4,5 млрд теңге төлеген.

«Белгіленген проблемаларды ескере отырып, зиянды еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын түбегейлі қысқарту және өндірістік жарақаттарды нөлге дейін төмендету міндетін қойдық», - деді министр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағытта кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, алдағы 5 жылда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарауды жоспарлап отыр.

Осылайша, министрлік 2019-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында зиянды еңбек жағдайлары бойынша өндірістік жарақаттануды және өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту бойынша жол картасын әзірледі. Құжатта қабылданған шаралардың орындалуы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға, кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізуге, еңбекті қорғау саласындағы функцияларды автоматтандыруға және әлеуметтік әріптестік институтын тиімді пайдалануға бағытталған.

Еңбек министрлігінің интернет-ресурсы алаңында «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған еңбекті қорғау саласында электрондық портал құру мәселесі пысықталуда. Портал базасында статистикалық есеп жүйесі және еңбек заңнамасы мәселелері бойынша электрондық консультант құрылады.

Соңғы жаңалықтар