Қазақстанда ең жайлы студенттік жатақханалардың рейтингі жасалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жастар жылы шеңберінде елімізде студент жастардың жатақханадағы жағдайын қадағалауға арналған «Студенттер үйі 2.0» жобасы іске асырылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастар жылы шеңберінде «Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық студенттік қозғалысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Студенттер үйі 2.0» жобасын іске қосып отыр. Бұл акция 2005 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын айта кету керек. Ал мемлекеттің қолдауымен акция биыл жаңа республикалық ауқымға ие болмақ. Жоба студенттердің өмір сапасын толыққанды жетілдіруге бағытталған. Оның басты мақсаты - жатақханаларда тұратын студенттердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, азаматтық рөлі мен жауапкершілігін дамыту, қоғам игілігіне студенттердің тұлғалық және интеллектуалдық, потенциалдық мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасау.

«Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастама» аясында жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту жөнінде тиісті тапсырма берген болатын. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі 124 жоғары оқу орнында 542 мың студент білім алуда. Ол студенттерге арналған 251 жатақханада 82 мың студент тұрып жатыр. Сондай-ақ, елімізде 769 колледжде 229 мың студент білім алып, оның 46 мыңнан астамы 439 жатақханада тұрады. Қазіргі таңда еліміздің студенттер жатақханасы мәселесі әлі күнге дейін маңызды болып тұрғаны белгілі», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов.

Ол өз сөзінде Елбасының тапсырмасымен 2022 жылға дейін 75 мың орны бар жатақханаларды салу тапсырылғанын атап өтті.

«Акцияның басты мақсаты - жатақханалардың мемлекеттік стандартқа, санитарлық нормаларға сай болуын қадағалау, сапасын арттыру, студенттерге қойылатын тұрмыстық техникалардың істен шықпауын бақылау, жаңа оқу жылына әзірлігін бақылау. Қыркүйекте үлкен рейтинг жасалады. Жайлы және нашар жатақханалар сарапталады. Әлеуметтік желіде де осы жобаның үлкен қолдау табарына сенемін. Себебі, студенттер осы акцияға тікелей қатысады. Қазақстан студенттерінің альянсы да арнайы мониторингтік топ құрып, жергілікті жердегі колледж, ЖОО студенттерінің жатақханадағы жағдайын тексереді. Бірлескен жоба болғаннан кейін осы акция арқылы студенттерге жайды жағдай жасауды көздейміз», - деді Шахмардан Байманов.

Соңғы жаңалықтар