Қазақстанда ең қолжетімді жаңа көліктер қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы бірінші тоқсанда Қазақстан азаматтары 120,8 млрд теңгеге 13 289 жаңа жеңіл көлік және жеңіл коммерциялық автомобиль сатып алды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеңіл көліктің орташа құны 8,4 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 9 пайызға өсті. Белгілі болғандай, Қазақстанда шығарылған көліктер сегментінде бұл көрсеткіш орташа нарықтық деңгейден айтарлықтай төмен болып, 6,5 млн теңге шамасында қалыптасты. Ал импорттық көліктердің орташа құны 10,3 млн теңге сомасында тіркелді. Қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша сатып алушылардың үштен біріне жуығы (31,1%) 5 млн теңгеден қымбат емес автомобильдерді таңдады. 5-7 млн теңгеге бағаланып, сатылған көліктің үлесі 18,7 пайызды (2 490 автомобиль) құрады», - делінген хабарламада.

Көлік сатып алғандардың 12,4 пайызы (1 647 көлік) 7-10 млн теңге аралығындағы автомашиналарға таңдау жасады.

«Сонымен қатар, бизнес (10-15 млн теңге) әрі премиум санаттағы (15 млн теңгеден жоғары) сегменттер жаңа көліктер нарығында сәйкесінше 26,7 пайызды (3 542 көлік) және 11,2 пайызды (1 483 көлік) қамтыды», - делінген «ҚазАвтоӨнеркәсіп» мәліметінде.

Ең қолжетімді жеңіл модельдер рейтингінде ұсыныстардың жартысы Қазақстандағы автоөндірушілерге тиесілі.

Мәселен, бағасы төмен көліктер арасында 3,1 млн теңгеден басталатын Lada Granta көш бастап тұр.

Мұнымен қоса, қолжетімді ТОР-10 құрамына Lada 4x4 (3,52 млн теңге), Ravon Nexia (3,82 млн), Renault Logan (3,94 млн), Chevrolet Niva (3,99 млн), Lifan Solano II (4,41 млн), Lifan X50 (4,61 млн), Lada Largus (4,25 млн), Renault Sandero (4,63 млн) және Lifan X60 (5,1 млн) көліктері енді.

Ал ең қымбат модельдер рейтингінде Porsche 911 Turbo (61,8 млн теңге), BMW i8 (60,9 млн), BMW 8 серия (50 млн), Audi А7/A8 (49,2 млн) және Mercedes-Benz G-klass (47,1 млн теңге) алдыңғы қатардан көрінді.

Соңғы жаңалықтар