Қазақстанда электрондық коммерцияны дамытудың жол картасы әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2025 жылға дейінгі электрондық коммерцияны дамытудың жол картасын әзірлеу керек. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин осындай тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазпошта» АҚ желісі бойынша 2025 жылға дейін барлық ірі қалаларда көлік-логистикалық орталықтарын іске қосу жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұл жұмысқа отандық және шетелдік инвесторларды, соның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдану арқылы тарту керек. Сондай-ақ Қорғаста қазір жұмыс істеп тұрған инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндігін қарастырған жөн», - деді Үкімет басшысы.

Ол қазіргі кезде әлемде ірі сауда жүйелері жабылып, оның орнына электрондық коммерция қоймалары ашылып жатқанын айтты.

«Осы ретте алдағы уақытта логистикалық орталықтар нарық дамуының негізгі бағытына айналуы мүмкін. Электрондық коммерцияны серпінді дамытудың аса маңызды элементтерінің бірі кадрларды дайындау болып саналады. Жұмыс орындарының жоспарлы өсуіне байланысты 2025 жылы 280 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Осыны ескеріп, «Қазпошта» АҚ және логистикалық компаниялар колледждер мен білім беретін басқа мекемелер арасында мамандар даярлауды өз қарамағына алу мәселесін қарастыру қажет», - деді ол.

Премьер-Министр электрондық сауда-саттық экономиканың дамуына үлкен серпін беретін әлеуеті жоғары екендігін баса айтты.

«Сондықтан осы мақсатта транзиттік мүмкіндіктерді және көлік-логистика инфрақұрылымын тиімді пайдалану қажет. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірге электрондық коммерцияны дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі жол картасын бір айдың ішінде әзірлеуді тапсырамын. Оны Үкімет деңгейінде бекітетін боламыз», - деді Асқар Мамин.

Соңғы жаңалықтар