Қазақстанда электронды сауданың көлемі артып келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев электронды сауданы дамыту туралы айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде электронды сауда субъектілері үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Оның барлығы заңмен бекітілген. Қазіргі кезде ол жеңілдіктерді е-коммерцияның 331 жаңа субъектісі пайдаланып үлгерді.

«Қазір ақшасыз, ұялы телефон арқылы қолма-қол есептесу - әлемдік трендтің бірі. Мәселен, 2018 жылдың қараша айының соңында елімізде 6 банк пилоттық режимде осы сервиске қосылды. Сервистік қолдау көрсету және электрондық сауданы дамыту мақсатында Қазпоштаның базасында 3 фулфилмент орталығы ашылды. Осылайша Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында 1 миллионнан астам тапсырыс өңделді», - деді Д.Абаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, пошта қызметін жетілдірудің нәтижесінде Қазақстан бойынша сәлемдеме жеткізу мерзімі 3 күннен 1 күнге дейін қысқарды. Ал халықаралық тасымалдау мерзімі 25 күннен 15 күнге дейін азайды.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру нәтижесі бойынша есеп берді. Осы орайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев цифрландыру аясында мемлекеттік органдардың өзара байланысын күшейтіп, ақпараттық технологияларды қолдануды талап ететін нормаларды тездетіп бітіруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар