Қазақстанда электрэнергияның профициті болады - Энергетика министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев отандық энергетика саласының даму болашағы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің сөзіне қарағанда, республика бойынша әр түрлі меншікке жататын 138 электр стансасы бар. Олардың жалпы электр қуаты 21 902 Мегаватты құрайды. Соңғы бес жылда жылу электр стансалары мен баламалы энергия көздерінің қуаты артып келеді. 2013 жылмен салыстырғанда стансалардың қуаты 2 470 Мегаваттқа немесе 15 процентке ұлғайды. "Қазіргі кезде елімізде энергия жүйесінің мүмкіндігі жоғары. Тіпті, тұтынудың максималды жүктемесін көтере алады. Мысалы, былтыр 25 желтоқсанда максималды тұтыну көлемі тіркелген болатын. Оның қуаты 14 823 Мегаватты құрады. Ал қолданыстағы қуаттың көлемі - 18 895 Мегаватт. Демек, максималды тұтыну кезеңінде шамамен 4 000 Мегаватт көлемінде қосымша қор бар деген сөз", - деді Қ.Бозымбаев бүгін азаматтық қоғам өкілдерімен болған кездесуде.

Оның сөзіне қарағанда, көмірді жағатын электр стансалардың үлесі 70 процентті құрайды. Газбен істейтіндер - 20 процент, гидростансалар - 9 процент, ал баламалы энергия көздері -1,3 процент.

"Биыл біз энергия балансына арналған жеті жылдық болжамды бекіткен болатынбыз. Оған сәйкес, 2025 жылға дейін Қазақстанда электр энергияның профициті болады. Сондықтан жаңа нысандар салынса, тек ескі нысандардың орнына ғана пайдалануға беріледі. 2025 жылда электр қуатына деген сұраныс 18 260 Мегаватт болады деген болжам бар. Оның сыртында қосымша резерв бар. Сондықтан шамамен 2 000 Мегаваттық резевті есептегенде 2025 жылға қарай елімізде электр энергия артығымен өндіріледі", - деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев.

Айта кетейік, бүгінгі шарада министр Еуразиялық экономикалық одақта ортақ энергетикалық нарықты құруға арналған xаттаманың рәсімделетінін мәлімдеді. Аталған шара ЕАЭО туралы келісімшарттың бес жылдығына орай ұйымдастырылады. "Хаттама нарықты құру кезеңдерін реттейтін болады. Негізі, аталған құжаттың кейбір тармақтары бойынша әлі күнге дейін қызу талқылау жүріп жатыр. Мәселен, Қазақстан мен Ресейдің арасында бірқатар мәселелер болды. Дегенмен, біз оның бәрін реттеп алдық. Сосын экспорт пен импортпен айналысатын арнайы ұйымды құруға қатысты маңызды бір мәселе туындады. Қазақстанда кез келген компания рұқсат алып, энергияны экспотқа шығара алады, импорт жасауға да болады. Ал Ресейде ондай жұмыспен арнайы ұйымдар айналысады. Осының үлгісінде әрбір мемлекетте арнайы ұйымды құру мәселесі көтерілген болатын. Бірақ біз өз позициямызды қорғай алдық. Экспорт пен импортты монополизациялаудың қажеті жоқ деп санаймыз", - дейді Қ.Бозымбаев.

Бұдан бөлек, министр "Сарыарқа" құбырымен келетін газды үйге дейін жеткізу шаралары туралы айтып берді.

Соңғы жаңалықтар