Қазақстанда электр самокаттарының жылдамдығына қатысты шектеу енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда электр самокаттарды пайдаланудың ұлттық стандартының жобасы әзірленді. Бұл туралы «АгромашХолдинг KZ» АҚ базасындағы «Доңғалақты көлік құралдары және ауыл шаруашылығы машиналары» стандарттау жөніндегі №87 техникалық комитетінің төрағасы Ербол Сейпилов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жоба халықаралық стандарт негізінде жасалды. Осы стандарттың аясына жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын электр самокаттары кіреді. Сондықтан осы сипаттағы электр самокаттары велосипед жолдарымен және жаяу жүргіншілер жолағымен де жүре алады. Сонымен қатар, автомобиль жолының шетімен жүрген кезде қозғалыстағы басқа көліктерге кедергі келтірмеуі керек. Осы орайда тиісті қауіпсіздік ережелерін сақтауы тиіс», - деді Е.Сейпилов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жаяу жүргіншілер жолағында электр самокатымен келе жатқан адам алдын ала дыбыс белгісін беріп, ескерту жасауы керек.

«Жалпы, жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын электр самокаттарының қозғалысына қатысты шектеулер қарастырылып отырған жоқ. Бұл тұрғыда олар велосипелдтер сияқты барлық жерде жүре алады. Ең бастысы, қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс», - деді Ербол Сейпилов.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде мамандармен, жауапты ведомство өкілдерімен бірге жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан асатын электр самокаттарын қай санатқа жатқызу мәселесі талқыланып жатыр.

Аталған стандарт самокаттардың жылдамдығы мен басқа да қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін реттейді. Осы орайда бұл құрылғыларда міндетті түрде жарық шамдарының болуы сияқты талаптар ескеріледі.

«Стандарт жобасының алғашқы редакциясын жасадық және бүгін бірінші техникалық талдау жүріп жатар. Осы саладағы қауымдастықтармен, Ішкі істер министрлігі өкілдерімен қарастырып, биыл тамыз немесе қыркүйек айында құжатты қабылдаймыз деп ойлаймын», - деді комитет басшысы.


Соңғы жаңалықтар