Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі 30 пайызға артты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі 30 пайызға артты. Алайда, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша елдер рейтингінде Қазақстан соңғы орындардың бірінде. Бұл туралы ҚазАқпарат energyprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Биылғы жыл басында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану объектілерінің белгіленген қуаты 2 мың МВт құрады. Бұл өткен жылдың басымен салыстырғанда 23%-ға артық.
Айта кетерлігі, 2016 жылмен салыстырғанда жаңартылатын энергия көздері нысандарының белгіленген қуаты бірден 6,8 есе артқан. Орнатылған қуаттың басым бөлігі күн электр стансаларына, тағы 34%-ы жел электр стансаларына тиесілі. Одан кейін шағын су электр стансалары (281 МВт) және биоэлектр стансалары (7,8 МВт) тұр.
Былтыр жаңартылатын энергия көздерінің объектілерінен электр энергиясын өндіру жылына бірден 30,1%-ға өсіп, 4,2 млрд кВт/сағ құрады. Электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия объектілері өндіретін электр энергиясының үлесі 3,7%-ға жетті.
Баламалы қуат көздері арасында электр энергиясын өндірудің басым бөлігі жел электр стансаларынан алынды: нақтылай айтқанда 42,1% немесе 1,8 млрд кВтсағ, жыл сайынғы өсім 65%-ды құрады. Күн электр стансалары – 1,6 млрд кВт/сағ, шағын су электр стансалары – 799,7 млн кВт/сағ, биоэлектр стансалары – 3 млн кВт/сағ өндірді.
bp.com порталының мәліметінше, 2020 жылы бүкіл әлем бойынша жаңартылатын энергия нысандары арқылы электр энергиясын өндіру жылына 12,8% өсіп, 3,1 трлн кВт/сағ жетті. Өндіріс жағынан көш бастап тұрған елдер – Қытай, АҚШ және Германия. ТОП-3 елдердің үлесіне әлемдегі жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін барлық электр энергиясының 52,3%-ы тиесілі.
ТМД елдері арасында бірінші орында Украина тұр: мұнда электр энергиясын өндіру көлемі 9,7 млрд кВт/сағ құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 83,9%-ға артқанын аңғартады. Екінші және үшінші қатарда тиісінше Қазақстан (мұнда портал деректері ҚР Энергетика министрлігінің көрсеткіштерінен ерекшеленеді және 3,7 млрд кВт/сағ электр энергиясын құрайды) және Ресей (3,5 млрд кВт/сағ) елдері орналасқан.

Соңғы жаңалықтар