Қазақстанда Елбасымен түскен суреттер байқауы жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алда келе жатқан ҚР Тұңғыш президенті күніне орай «Елбасы және мен» атты республикалық фотобайқау жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне арналған байқауға Елбасымен бірге түскен фотолар үстіміздегі жылдың 14-30 қарашасы аралығында қабылданады.

Байқау шартына сәйкес, қатысушы Елбасы Н.Назарбаевпен түскен суретін өзінің Instagram  парақшасына #ElbasyJaneMen хештегімен жариялауы тиіс. Сонымен қатар, Қоғамдық даму министрлігінің @kdm.gov.kz және министрлікке қарасты жастар және отбасы істері комитетінің @kdms.gov, сондай-ақ, Астана қаласының қоғамдық даму жөніндегі басқармасының @qogamdyk_damy_astana атты Instagram парақшаларына тіркеліп, өз парақшасында оларды белгілеуі тиіс.

«Қатысушы Елбасымен түскен суретін жариялаумен қатар, президентпен кездесуден алған әсерін жазуы тиіс. Мүмкін Елбасымен кездесуде қандай да бір қызықты оқиға орын алған болар немесе кездесу оның өмірі мен болашағына әсер еткен шығар. Әлеуметтік желі байқауына еліміздің кез келген азаматы және барлық өңірден қатыса алады, сонымен қатар, жас ерекшелігіне ешқандай шектеу жоқ»,- деді ҚР Қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов.

Оның айтуынша, аталған байқау Тұңғыш Президент күнін атап өтуді кеңінен насихаттауда маңызды.

«Екінің бірінде Елбасымен түскен сурет жоқ, ол кезде не істеуге болады?»  деген сұраққа ол Президент қатысқан шараларда онымен топ болып түскен фото иелері де байқауға қатыса алатынын айтты.

Кімнің суреті көп лайк жинаса, сол адам жүлдегер атанады. Фотобайқау нәтижесі осы жылдың 1 желтоқсан күні Астанадағы ірі сауда орталықтарының бірінде жарияланады. Жеңімпаздарға Іphone x, Іpad және тағы басқа бағалы сыйлықтар беріледі. Одан бөлек, әділқазы алқасының таңдауымен үздік деген 50 фото арнайы көрме галереясына қойылады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Астанада жас көшбасшылардың форумы өтіп, онда алдағы жастар жылына арналған шаралар мен идеялар талқыланған болатын.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар