Қазақстанда екпенің арқасында жұқпалы аурулардан өлім-жітім 20 пайызға азайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда екпенің арқасында жұқпалы аурулардан өлім-жітім 20 пайызға азайды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының бөлім бастығы Айнагүл Қуатбаева айтты.

«Жүргізілген бақылаудың қорытындысына сәйкес, Қазақстанның біраз аймақтарында пневмококк жұқпасына қарсы екпенің арқасында одан болатын өлім-жітім 20 пайызға азайды. Ал, сырқаттану деңгейі 50 пайызға төмендеді. Мұндай көрсеткіш ШҚО, Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр», - деді Айнагүл Қуатбаева. Оның айтуынша, биылғы екпенің ұлттық күнтізбесінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. «Биыл пневмококк жұқпасына қарсы екпе Павлодар, Ақтөбе, Астана қалаларында енгізіледі. 2015 жылға қарай аталған екпемен еліміздің барлық облысы қамтылатын болады», - деді Айнагүл Қуатбаева. Маманның пікірінше, Қазақстанда екпенің арқасында күл ауруы 2008 жылдан бері тіркелмеген. «Қазақстанда былтыр қызылшаны жұқтырған 73 баланың көбінің ата-анасы кезінде екпеден бас тартқан. Қазір ата-аналар ғаламтордан, басқа да ақпарат көздерінен екпе ағзаға зиянды деген ақпарат естіп алып, шатасып жүр. Бұған бәлкім Еуропадағы екпеге қарсы қозғалыстың өршуі ықпал еткен шығар. Алайда, қазір Еуропада қызылша мен қызамықтың бұрқ етпелерін көріп отырмыз. Ресейде екпеден бас тартқан баптистер қоғамында да қызылшаның бұрқ етпесі анықталды», - деді ол. Оның айтуынша, қазір шығарылып жатқан екпенің жаңа түрлері денсаулыққа мейілінше қауіпсіз әрі олар балалар арасында мүгедектік пен өлім-жітімді азайтуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар