Қазақстанда экономикасында өсім мен сапалы өзгерістер байқалады – ҚР ҰЭМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларында ЖІӨ өсу қарқыны өткен жылдан бері алғаш рет 0,7%-ды көрсетті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, Қазақстан экономикасы қалпына келу серпініне өтіп жатыр. Қызмет көрсету саласы өсіп, ішкі сұраныс жақсаруда. Өңдеу өнеркәсібі салаларында да тұрақты өсу байқалады. Сонымен бірге экономиканың өндіруші емес салаларында негізгі капиталға инвестициялар айтарлықтай өсуде.

«Жалпы алғанда, экономика өсімінің құрылымында сапалы өзгерістер байқалады. Экономика дамуының басты драйвері – қазіргі жағдайда нақты сектордың тұрақты өсуі болып отыр. Жыл басынан бері тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты сектордағы өсім 7,9%-ды құрады. Құрылыс, ақпарат пен байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен және электрмен жабдықтау, ауыл шаруашылығы салаларында жоғары өсу жалғасуда. Бұл ретте, өңдеу өнеркәсібі соңғы 10 жылдағы ең жоғары өсуді көрсеткенін айта кеткен жөн», - деді ұлттық экономика министрі.

Биылғы қаңтар-наурыз айларында сыртқы саудадағы тауар айналымы 19,7 млрд долларға жеткен, оның ішінде экспорт – 11,5 млрд долларды құрады. Бұл ретте шикізаттық емес тауарлар экспорты 15%-ға өсіп, 4 млрд долларға жетті. Ал тауарлар импорты 8,2 млрд долларды құрады. Оң сауда балансы 3,3 млрд доллардан асқан.

Бас экономистің айтуынша, жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 7,7%-ға дейін жеделдеген, 13 өңір оң өсім көрсетті. Ең жоғары өсім Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында тіркелген. Көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік сезіледі. Ең жоғары көрсеткіштер Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Түркістан және Жамбыл облыстарында байқалады.

Құрылыс саласы жоғары өсу динамикасын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ға ұлғайды. Мұнда Батыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлерде өсім бар. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғары қарқыны Түркістан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында байқалады. Биылғы қаңтар-сәуір айларында тұрғын үйді пайдалануға беру 13,3%-ға өсіп, 3,5 млн шаршы метрді құраған.

Ауыл шаруашылығы саласында өнім шығару 3%-ға ұлғайды. 13 өңірде оң серпін байқалып, Ақмола облысы ең жоғары өсім көрсеткен.

«Жалпы, тұрақты өсу қарқыны мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Олар ауыл шаруашылығы өңдеу саласын инвестициялауды ынталандыруға, ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне, экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған», — дейді министр.

Сөз соңында ол орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірнеше шараны атқару қажеттігін айтты.

«2021 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспарды тиімді іске асыру керек. Экономиканың басым секторларында ірі компаниялармен инвестициялық келісімдерді іс жүзінде орындау қажет. Ауыл шаруашылығы және құрылыс-монтаж жұмыстары маусымын белсенді өткізіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде таргеттелген тұрақты жұмыс орындарын құру керек. Жаңа «өсу факторларын» дамыту және өңірлердің экономикалық байланысын күшейту қажет», - дейді Әсет Ерғалиев.

Министрдің айтуынша, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру экономикалық белсенділікті ынталандыруға және осы жылғы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар