Қазақстанда экономикалық қылмыстарды қозғау тәсілдері өзгерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда экономикалық қылмыстарды қозғау тәсілдері өзгерді. 

Бұл туралы бүгін «Атамекен» ҰКП-ның IV съезі барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, елімізде экономикалық қылмыстарды қозғау тәсілдері өзгеріп, ендігі уақытта олар тексеру актілері мен залал болған жағдайда ғана тіркеледі. Соның нәтижесінде экономикалық қылмыстар 4 есеге төмендеген.  Сонымен қатар ол қылмыстық қудалауды қысқарту жолымен қалыпты салықтық әкімшілеу үшін жағдай жасалатындығын атап өтті. Тәуекелдерді бағдарлау жүйесіне толықтай өту барлығын бірдей тексеру жүргізуге жол бермейтіндігін, яғни нақты критерийлер бойынша іріктеліп жүргізілетіндігін айтты.

«Мәселен, айналымы өте үлкен, тауар жеткізу көрсеткіші жоғары.  Бірақ кәсіпорынның қызметкері де, техникасы да, одан қалды кеңсесі  де жоқ. Дабыл бірден жүйеге түседі. Декларация жиі түзетіледі. Құжаттар өзгертіледі. Бұл да дабыл. Қауіпті аймаққа түстім дегенше тексерісті күте бер. Мемлекеттік кірістер комитеті ең үздік дүниежүзілік тәжірибені енгізеді. Жаңа технологиялар, электронды есепшот түбіртектері, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу, депозиттік қосылған құн салығы есебі. Осының барлығы операцияларды ашық әрі заңды етеді», - деді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар Бас прокурордың орынбасары жалған кәсіпкерлікті декриминализациялау келеңсіз салдар тудырмайтынына баса назар аударды. Себебі салық төлеуден жалтару бойынша қылмыстық жауаптылықтың қалғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар