Қазақстанда экологтарды дайындау реформасын жеделдету қажет - Әлия Назарбаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда экологтарды дайындау реформасын жеделдету қажет. Бұл туралы бүгін XII АЭФ аясындағы «Жасыл өсім үшін инновациялық экожүйені құру. Ғылым, білім және технология» сессиясында Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрағасы Әлия Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні білім саласы мектепке тек педагогикалық білімі ғана емес, сонымен бірге өзін үлгі ету арқылы жігерлендіруге қабілетті, біліктілігі жоғары кадрларды тартуды қажет ететінін түсінеміз. Қазіргі уақытта Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры EACH жобасын әзірлеп жатыр. Бұл гуманитарлық пәндерге басымдық берілген біздің ұлттық өнім дегенді білдіреді. Оның басты мақсаты - мектептерге бірегей курстар мен оқу бағдарламаларының авторы болатын талантты, жас кадрлардың жаңа толқынын тарту», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұл жұмыстар қазіргі уақытта басталып та кеткен. Мәселен, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры халықаралық ұйымдармен, министрліктермен, барлық деңгейдегі әкімдіктермен және азаматтық сектормен бірлесіп, бірқатар шара ұйымдастырған. Атап айтқанда, «Бірге жарығырақ» фестивалі еліміздің 12 өңірінен шамамен 75 мың адамның басын қосты. Ал «Эко-Challenge» жобасы 82 мың бала мен олардың ата-аналарын біріктірді.

«Бұл біздің қоғамымыздың, жастарымыздың, педагогикалық қоғамдастықтың, ата-аналардың «жасыл өсім» идеологиясын ілгерілетуге мүдделі екенінің жарқын дәлелі. Жастардың энергиясы мен шығармашылығына таң қаламын. Олар өте белсенді. Қоршаған ортаны қорғау, энергия үнемдеу және Қазақстанның қайта өңдеу саласын дамыту сынды салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған өз көзқарасын ұсынудан қорықпайды», - деді Ә.Назарбаева.

Әлия Назарбаева кәсіби кадрлар даярлау жүйесіндегі сапалы реформалар процесін жеделдету қажеттігін де атап өтті.

«Кәсіби кадрларды дайындау жүйесіндегі сапалық реформалар процесін жеделдетіп, экологиялық қауіпсіздік пен лайықты еңбек шарттарын құруға басымдық бере отырып, үкімет, жұмыс беруші, еңбек биржасы, сонымен қатар филантроптардың келісілген іс-әрекетін түзу қажет деп санаймын. Бұл энергиямен шикізатты пайдалану тиімділігін арттыруға, парникті газдар шығарындыларын шектеуге, қоршаған ортаға қоқыстар мен лас заттардың шығуын азайтуға, экожүйені қорғап, қалпына келтіруге алып келеді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар