Қазақстанда екі жылда 100-ден астам дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов халықты дене шынықтыру және спортпен қамтуға қатысты мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарға сәйкес, жастарды тәрбиелеуге дене шынықтыру мен спорттың ықпалын тигізу бойынша мектеп және студенттер лигаларын Мектеп спорты федерациясымен және ұлттық спорт студенттер одағымен бірлесіп өткізу жөніндегі шаралар іске асырылуда, жоғары оқу орындары мен колледждердегі спорт клубтарының саны өсуде. Студенттік спортты дамыту үшін 104 азаматтық ЖОО-да 23 500-ден астам адамды қамтитын 101 спорт клубы және 721 спорт секциясы (бокс, күрес, волейбол, баскетбол, футбол және т.б.) жұмыс істейді», - деді Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, студенттерді спорттық сабақтармен қамту көрсеткіші шамамен 50%-ды құрайды.

«2019-2021 жылдары спорт инфрақұрылымын дамытуды қажет ететін елдімекендерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу жоспарланған. 2019-2021 жылдары 102 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Барлық жоғары оқу орындары мен колледждерде салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі шаралар тұрақты негізде жүргізіледі», - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

Сонымен бірге, студенттер арасындағы тәрбие жұмысын күшейту мақсатында ЖОО басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктелген:

- ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тәрбие жұмысы бойынша ЖОО жоспарларының мазмұнын жаңарту;

- ЖОО оқу процесінде рухани-адамгершілік тәрбие бойынша білім беру модульдерін әзірлеу;

- ЖОО және демеушілік қаражат есебінен студенттік өзін-өзі басқару органдарының қызметін қаржылық қолдауды қамтамасыз ету;

- кураторлардың студенттермен өзара іс-қимылының пәрменді механизмін әзірлеу;

-Діни экстремизмнің алдын алу бойынша студент жастармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру.


Соңғы жаңалықтар