Қазақстанда допингке қарсы шаралар күшейтілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленген.

«Біз алғаш рет осындай көлемде мемлекеттің допингке қарсы саясатын жетілдіру жөнінде заңнамаға ұсыныстар енгізіп отырмыз. Бұл заң жобасы аясында күрделі мәселелер қарастырылған. Себебі қазіргі уақытта допингті қолдану әлемдік спорт қозғалысындағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл мәселе спорт төңірегінен асып, әлемдік қауымдастықтың алдында елдің имиджін бейнелейтін күшке айналды. Бұл ретте, допингтен шығатын барлық қауіптің ауқымы мен маңыздылығын түсіне отырып, оны жоюға бағытталған іс-шаралар кешенін тұрақты негізде жүргізуіміз қажет», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Осы Заң жобасымен Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексіне, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексіне, «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңына, «Лотерея және лотерея қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Заң жобасының негізгі мақсаты - қолданыстағы дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру.

«Аталған заң жобасы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін арттыруға бағытталған. Әлемде спорттағы жеңістердің маңыздылығы артып отыр. Себебі, спорт ол мемлекет имиджі. Спорттық рекордтардың қарқынды өсуі ірі спорттық турнирлерде қатаң бәсеке тудырады. Әрине, бұл спортшының ағзасына шамадан тыс күштің, салмақтың түсуіне әкеліп соғады. Осындай жағдайда спорт саласындағы және әсіресе спортқа жақын саладағы мамандар іріктеу жүйесін жетілдіру, спорттың техникасы мен тактикаларын даярлау, материалдық базаны жақсарту және ұйымдастыру мәселелерін шешумен ғана шектеліп қалмай, сонымен бірге, спорттық аренада қалай да жеңіске жету үшін, кейде тыйым салынған әрекеттерге де барып жатады.

Дәрілік заттарды бақылаусыз пайдалану халықаралық, сондай-ақ ұлттық деңгейде оған қарсы шаралар қабылдау қажеттігін туындатты. Халықаралық деңгейде қарсы іс-әрекетті ұйымдастырудың маңызды рөлі Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікке жүктелсе, ал ұлттық деңгейде оны бақылау міндетін Ұлттық допингке қарсы орталық атқарады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, допингті пайдалануды түбімен жою жағдайына талдау жасай отырып, әлемдік спорттық аренада, оның ішінде Олимпиада ойындарында жоғары спорттық жетістіктерге жету мақсатында, заңнамалық деңгейде допингке қарсы іс-шараларды қатаңдату шараларын қолдану қажет. Яғни барлық тыйым салынған препараттар мен субстанцияларды пайдаланғаны, оны тағайындағаны және таратқаны үшін жауапкершілікті арттыру қажет.

Соңғы жаңалықтар