Қазақстанда диабетпен ауыратындар саны артты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Соңғы 5 жылда Қазақстанда диабеттен зардап шегушілердің саны 1,5 есе артқан. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының өкілдері айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Филиал директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, Қазақстанда диабеттен зардап шегетіндердің саны 2013 жылы 208 мың шамасында болса, бүгінгі таңда 309 мыңға жетіп отыр.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сүйенсек, диабетпен ауыратындар саны бүкіл әлемде артып отыр. 1980 жылы 108 млн болса, 2014 жылға келіп бұл көрсеткіш 422 миллионға жеткен», - дейді ол.

Диабетпен ауыратын қазақстандықтардың көпшілігі (291 мың адам) оның екінші типінен зардап шегеді. Халықаралық мамандардың пікірінше, бұған қазіргі адамдардың мол калориялы тамақ жеп, аз қимылдауы себеп болып отыр.

Қазақстанда диабеттен емдеу тегін. Ол мемлекет кепілдейтін медициналық көмектер қатарына кіреді. Жаңа модель енгізілуіне байланысты, қазіргі пассивтік диспансерлеу саясаты белсенді динамикалық бақылаумен алмастырылады.

«Сонымен қатар, диагностикалық қызметтердің, мамандар қызметтерінің қажетті базалық көлемі беріледі, дәрілік құралдармен амбулаторлық негізде тегін қамтамасыз етудің қазіргі кепілдері сақталады», - деді Т. Әбілдаев.

Қазіргі кезде мемлекет кепілдейтін медициналық көмектер аясында 48 дәрі-дәрмек және медициналық өнімдер, соның ішінде шприцтер, тест-жолақтар, глюкаметрлер, инсулин сорғылары, инсулиннің 22 түрі беріледі.

Соңғы жаңалықтар