Қазақстанда деректі фильм түсірген қытай режиссері түсірілім тобын киіз үйде түнеуге мәжбүрлеген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан туралы деректі фильм түсірген қытай режиссері Нина Ванг түсірілім тобын бір түн киіз үйде түнеуге мәжбүрлеген. Бұл туралы режиссер бүгін өткен баспасөз мәслихаты барысында баяндады.

Қытайлық режиссер өзі үшін Қазақстанды жаңа қырынан ашқанын, бұл елге сапарында ең алғаш рет қазақтың ұлттық тағамы - ет пен піскен алма жеп көргендігін айтты.

Режиссер көшпенділік дәстүрді жақынырақ сезіну үшін түсірілім тобын бір түн киіз үйде түнеуге мәжбүрлеген. Оншақты энтузиаст Шарын өзенінің баурайында өркениет игіліктерінен алыста көшпенділік өмірдің ыстық-суығын сезінуге тырысқан.

"Ол жерде жарық, су, жылу болған жоқ. Тіпті тамақтануды ұмытып кеткен кездері болды. Бірақ табиғат пен адамның үндестігі Ниноға үлкен әсер қалдырды. Біз Еуропадан шаршадық. Ол ешкімге таңсық емес, ал Орталық Азияда әлем көрмеген жауһарлар бар",- деді жоба үйлестірушісі Жұлдыз Сейсенбекова.

Қытайлық режиссер елімізде зерттелуі кемшін соғып жатқан көне қалалардың тарихына баса назар аударды. Түсірілім тобы ежелгі Сауран, Отырар қалалары болған жерлерде болып қайтты.

"Әсіресе, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың археологиялық байлықтары өте қызықты. Менің келесі жұмысым археологиялық бағытта болуы мүмкін", - деп күлді Нино Ванг.

Сондай-ақ қытайлық маман қазақ киносының бүгінгі дамуын өте жоғары бағалады.

"Жақында Қытайда қазақ киносының апталығы өтті. Жергілікті сыншылар "Ликвидатор", "Рэкетир", "Шал" фильмдерін көріп қазақ киносының деңгейіне таң қалған болатын. Мен де "Шал" фильмінде басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғызақовтың кәсіби актер емес екендігіне таң қалдым. Сондай шынайы ойнаған",- деді Н.Ванг.

China Movie Chanel өкілдерінің айтуынша, фильм бес эпизодтан тұрады. Әр бөлімнің ұзақтығы 20 минутқа созылады. Бұл бөлімдер "ЭКСПО-2017", Қазақстан талғамы, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан халқы, кадр сыртындағы дүние тақырыбына арналған. Жаңа туынды Қытай елінің орталық телеарнасынан 2015 жылдың наурызынан бастап көрсетілетін болады.

Соңғы жаңалықтар