Қазақстанда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі 9 жылда 6,3 есеге артты - Т.Дүйсенова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 9 жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі 6,3 есеге артты. Бұл туралы бүгін Алматыда ҚР Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрі Тамар Дүйсенова қаланың медициналық қауымымен кездесу барысында айтты.

Кездесу барысында министр 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жайында жан-жақты айтып берді. Оның айтуынша, əлемде жан басына шаққандағы медициналық шығындардың көлемі артып келеді. Оның басты түйткілді себептері, жұқпалы емес аурулардың саны артуы, зейнет жасындағы адамдардың санының артуы болып отыр. «Қазақстанда да бұл проблема бар. 2004 жылы республикалық бюжеттен денсаулық сақтау саласына 131 млрд теңге бөлінсе, 2013 жылы 824 млрд теңге бөлінген. Яғни 6,3 есе артты. Бұл ел экономикасының ЖІӨ-нен 3.8 %-ын құрап отыр»,- деді министр. Тамара Дүйсенова Қазақстанның медициналық саласын қаржыландыру жүйесінің негізгі проблемаларын да атап өтті. «Мемлекеттің қаржы бөліп жатқанына қарамастан, халық тарапынан төлем көлемін (33%) азайту мүмкін болмай отыр. ДСҰ нормасы бойынша, бұл көрсеткіш 20 %-дан жоғары болса, жүйенің тұрақсыздығын көрсетеді. Дамыған елдерде қаржының 61%-ы амбулаторлық-емханалық емдеуге бөлінеді, қалғаны стационарға бөлінеді. Бізде керісінше 54%-ы стационарға бағытталса, қалған 46%-ы амбулаториялық көмекке жұмсалады. Мемлекет басшысы біздің алдымызға жүйені өзгерту туралы міндет қойды. Медициналық міндетті сақтандыру жүйесін енгіземіз. Бағдарламаның бұл бағытымен біз белсенді жұмыс жасап жатырмыз»,- деді Т.Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар