Қазақстанда Дәрмен Сәдуақасов кубогына арналған шахмат турнирі өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 28-30 тамыз аралығында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, Дәрмен Сәдуақасов шахмат академиясы және «Bolashaq» қауымдастығы жедел шахматтан балалар онлайн-турнирі – халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов кубогын ұйымдастырады. Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған жарысқа 600-ге жуық қазақстандық жас дарын қатысады деп күтілуде.

Іс-шараның басты міндеті - карантин және халықаралық шекаралар жабық кезеңде сапалы турнир тәжірибесін қажет ететін отандық таланттарды қолдау.

Жарыс 2002-2005, 2006-2009 жылдары, сондай-ақ 2010 жылы туған және одан кіші жастағы ұлдар мен қыздар арасында өтеді. Жүлде қоры - 2,6 млн теңге. Сонымен қатар, ұлдар мен қыздарға жеке сыйлық тағайындалды.

Турнир lichess.org ойын алаңында өтеді. Ойын Швейцария жүйесі бойынша 9 турдан тұрады. Уақытты бақылау – партияның соңына дейін әр қатысушының жүрісіне 15 минут + 10 секунд.

Жарысқа қатысу үшін өтінімдер [email protected] электронды поштасына қабылданады, тіркеу мерзімі - Нұр-Сұлтан уақытымен 24 тамыз 18:00-ге дейін. Өтініште жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және ұялы телефон нөмірін қоса көрсету қажет.

Бүгінде турнирге 200-ден астам ойыншы тіркелген.

Турнирдің бас төрешісі - халықаралық төреші, ФИДЕ шебері Ержан Шәкенов.

Античитерлік комиссияны халықаралық гроссмейстер Әнуар Исмағамбетов басқарады. Комиссияның міндеті - әділ ойынды қамтамасыз ету және сыртқы кеңестер мен компьютерлік бағдарламаларды қолдануға байланысты түрлі бұзушылықтарға жол бермеу. Алаяқтықпен күрес - қазіргі шахматтың басты мәселесі.

Тіркеу, төрешілік, жүлделерді бөлу, төрешілер мен античитерлік комиссияның жұмысы туралы толық ақпаратты жарыс ережесінен білуге болады.



Соңғы жаңалықтар