Қазақстанда дәрігердің кәсіптік жауапкершілігінің міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, медицина қызметкерлерінің практикалық қызметі қоғамның игілігі үшін үнемі қауіп-қатермен байланысты мамандықтарға жатады. Яғни күрделі әрі жауапты мамандық. Алайда бұл ауыр еңбек қоғамда тиісті деңгейде бағаланбай отыр. Сондықтан пациенттерге қатысты келтірілген зиянды өтеу құқықтарын іске асыру үшін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңмен енгізуді жоспарланып отыр.

«Бұл реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және жалпы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының халықаралық аренадағы жақсы рейтингіне ықпал етеді. Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген. Ондай норма бар, ал заң жобасы осы қадамдарды іске асыру жолдарын бекітеді», - деді А. Ғиният.

Осы орайда ведомство басшысы заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, науқастардың құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталып отырғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар