Қазақстанда дәлме-дәл егіншілік нәтижесін беруде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ауылшаруашылық мамандары дәлме-дәл егіншіліктің артықшылықтарын көре бастады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы Ақмола облысында орналасқан А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының базасында 3 мың га жерге «дәлме-дәл егіншілік» тәжірибесі енгізілді. Германия тәжірибесімен жасалған жоба аясында жаздық бидай негізінде дәлме-дәл егіншіліктің ресурс үнемдеу технологиялары дәстүрлі егіншілікпен салыстырмалы түрде қарастырылған.

«Дәлме-дәл егіншілік полигонындағы өнімділік гектарынан 25,4 центнерді құрап, оған қажетті ресурсты орташа есеппен 5-15% үнемдедік. Дәлме-дәл егіншілік полигондары бойынша орташа өнімділік 25,4 ц/га болса, дәстүрлі егіншілік технологиясымен егілген егіннің өнімділігі 18,7 ц/га құрады. Ал Ақмола облысы мен Шортанды ауданында дәстүрлі егіншілікті қоса алғандағы орташа өнімділік сәйкесінше 12,2 және 12,7 ц/га құрады», - деді аталған орталықтың директоры Кенже Абдуллаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, орталықта селекциялық зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Басты бағыт - дәнді, бұршақты, жарма дақылдары сұрпының экологиялық тұрақтылығын арттыру. Қазіргі кезде орталықта 17 дақыл бойынша селекциялық жұмыс жүріп жатыр. Ал тары, қарақұмық, сұлы, асбұршақ, жасымық, бидайық сияқты дақылдардың селекциясын зерттеу бойынша біздің орталық еліміздегі жалғыз мекеме. Орталықта жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарының 90 мың үлгісі зерттеліп, 2 мыңға жуық будандастыру комбинациясы іске асады», - деді ол.

Ғылыми өндірістік орталық қызметкерлерінің зерттеу нәтижелерінің бірі «Дамсинская 2017» қатты бидай сорты. Ол бойынша аталмыш орталық өткен жылы гектарынан 46,5 центнер өнім алған. Жаңа бидай сұрпының басты ерекшелігі - төзімділігі жоғары. Сондай-ақ, «Дамсинская 2017» қатты бидайына СҚО-да сынақ жүргізіліп, аталған сұрып гектарынан 46,3 центнер өнім берген.

Соңғы жаңалықтар