Қазақстанда цифрлық кодекс қабылдануы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заңнаманы қайта қараудың келесі кезеңі біршама қиынға соғады. Бұл жерде барлық салалық мемлекеттік органдар қатысуы қажет. Олар өз ұстанымын қайта қарауы тиіс. Бүкіл процестерді бірдей түсініп, шешім қабылдайтын әмбебап маман жоқ. Әрине, реинжинирингпен айналысатын техниктер жалпы бизнес-процесті түсінеді, бірақ жұмыс әдіснамасы сала мамандарына ғана аян», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева «AMANAT» партиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, әрбір мемлекеттік орган көрсететін қызметтің мобильді, ашық және қолжетімділігіне талдау жүргізіледі.

«Депутаттық корпустың міндеті - нәтижелі шешімдерді қолдау және заң сөреде жатпай, адамдардың игілігіне жарауын қамтамасыз ету. Цифрландыру жөніндегі заң шығару процесі қазір қызу қарқынмен жүріп жатыр. Бір заң қабылданса, аз уақыттан соң қайта өзгеріс енгізу керек болады. Осылайша бізге 1-2 жылдан кейін цифрлық кодекстің қажеттігі көрініп тұр. Кодекс біз әзірленіп жатқан бүкіл нормаларымызды бірыңғай жүйеге жинақтайды және ортақ құқықтық алаңда жұмыс істейтін болады», - дейді ол.

Айта кетсек, 15 шілде күні Мемлекет басшысы цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгеріс енгізу туралы Заңға қол қойды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жаңа заң аясында қазақстандықтар енді барлық жерде жеке куәліктің электронды нұсқасын қолдана алады.

Сондай-ақ, министрлік өкілі қазақстандықтарға үйдегі интернет операторын таңдау мүмкіндігі берілетінін айтты.

Одан бөлек, EgovMobile арқылы алуға болатын құжаттар санының көбейгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар