Қазақстанда цифрлық экономиканы дамытатын қандай жобалар іске асырылуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев Қазақстанда цифрлы экономиканы дамыту бағытында жүзеге асырылған жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экономика салаларын жедел технологиялық модернизациялау және еңбек өнімділігін цифрлық технологиялармен арттыруға қатысты келесі шаралар қабылдануда. Цифрлы экономиканы дамыту үшін биылғы жылдың өзінде тиімділік беретін бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, ақшасыз төлемдер, Астана-1, тауарларды маркировкалау, виртуалды-қойма жобалары есебінен салықтық түсімдердің өсімі анық байқалады. Цифрлық инфрақұрылым, мәліметтерді өңдеу орталығы секілді тағы басқа да жобалар бар. Мысалы, тауарларды маркировкалау шағын жоба болса да, жыл соңында 300 млн теңгелік эффект күтілуде. Бұл жобаны басқа да тауарларға қолдансақ, тиімділігі қомақты бола түседі. Бақытжан Әбдірұлы, сіздің тапсырмаңыз бойынша бұл жобаны қарқынды түрде ары қарай жүргізетін боламыз», - деді Асқар Жұмағалиев Үкімет отырысында.

Премьер-Министрдің орынбасары келесі мысал ретінде электронды сауданы атады.

«Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана электронды сауда көлемі 101 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш болып отыр. Қазіргі уақытта біз мемлекеттік органдармен бұл жобаларды іске асырып, тираждайтын боламыз. Бұл жұмыс та біздің тұрақты бақылауымызда», - деп түйді Асқар Жұмағалиев.

Соңғы жаңалықтар