Қазақстанда цифрлық активтер саласындағы қағидаттар белгіленді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заңы мен ілеспе құжаттар қаралды.

Жалпы, сенаторлар қаралған заңдарды концептуалды түрде қолдайтындарын білдірді. Алайда, оларды қарау барысында депутаттар жекелеген баптарға бірқатар өзгеріс енгізді. Осыған орай заңдарды сенаторлардың ұсыныстарымен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

«Бұл тұрғыда цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиялардың кіші түрлерінің атауларын нақтылау ескерілген. Сонымен қатар, цифрлық майнинг қызметін жарнамалауға қатысты нормаларды алып тастау, өйткені олар «Жарнама туралы» Заңда және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте көзделген. Мұнымен қоса, заң нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдерін нақтылау ұсынылды. Осыған орай, комитет ҚР Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес, Заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және оларды жаңа редакцияда көрсете отырып, Мәжіліске қайтаруды ұсынады», - деді Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Бекболат Орынбеков.

Бұл заңдарды Парламенттің бір топ депутаты әзірлеген еді. Заңдардың мақсаты – цифрлық майнингті құқықтық реттеу мәселелерін шешу. Соның аясында аталған құжаттар елімізде цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті дамытуға қажетті құқықтық база құруды көздейді. Сол арқылы заңдар цифрлық активтердің заңды нарығын қалыптастыруға, осы салаға шетелдік инвестицияларды тартуға және Қазақстан экономикасын дамытуға ықпал етпек.

Заңның міндеттері:

- жаңа терминологияны енгізу (цифрлық актив, цифрлық активтер биржасы, цифрлық майнинг, цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы);

- цифрлық майнерлер қызметін лицензиялау;

- цифрлық майнингтік пулдар қызметін жүзеге асыру;

- салық салу мақсатында цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну;

- цифрлық активтер биржаларының қызметін регламенттеу;

- цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау;

- Қазақстан Республикасының цифрлық активтер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық.

Атап айтқанда, бұл заңда ұлттық энергия жүйесін реттелмейтін цифрлық майнингтен қорғау қарастырылған. Майнерлер пайдалана алатын электр энергиясы көздерінің тізімі реттеледі. Олар жаңартылатын энергияны, импортталған электр қуатын және өз генерациясын пайдалана алады.

«Цифрлық майнерлерге электр энергиясын жалпы электр жүйесінен тікелей алуға тыйым салынады. Олар электр энергиясы қуатын жалпы энергетикалық жүйеде профицит болған жағдайда ғана және тек қана электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық оператор биржасы арқылы сатып ала алады. Бұл көлем үшін баға шектеулері алынып тасталады және сауда тек нарықтық тетіктермен жүзеге асырылатын болады», - деді Бекболат Орынбеков.

Оның айтуынша, цифрлық майнерлер қызметінің екі түрін лицензиялау енгізілді. Бірінші түрі – тиісті инфрақұрылымға, яғни деректерді өңдеу орталықтарына иелік ететін цифрлық майнерлер қызметі. Екіншісі – деректер орталықтарында ұяшықтарды жалға алатын және энергия квотасын талап етпейтін жабдық иелері болып саналатын цифрлық майнерлер қызметі.

«Сонымен қатар барлық майнерлер аккредиттелген қазақстандық майнингтік пулдар арқылы жұмыс істеуі керек. Осылайша, бұрын бұлтты сервистерде жұмыс істеген және Қазақстан экономикасына ешқандай пайдасы жоқ цифрлық майнерлер, енді біздің резиденттеріміз бен салық төлеушілерімізге айналады», - деді Бекболат Орынбеков.

Бұдан бөлек ол қаржы жүйесіне теріс әсер ету тәуекелдерінің алдын алуға қатысты мәселеге тоқталды.

«Қазақстандық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер елде төлем құралы, қаржылық актив және қаржы құралы ретінде танылмайды», - деді сенатор.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін қаралған заңдарда цифрлық активтер саласындағы қағидаттар мен уәкілетті органдардың құзыреті белгіленеді. Сондай-ақ цифрлық майнинг жөніндегі қызметтің негізі, оны лицензиялау мәселесі және цифрлық активтер биржасының қызметі реттеледі.

«Аталған заңдар арқылы цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау мен салық төлеудің ерекшеліктері де қарастырылады. Сенат ұсынған түзетулер заңдардың жекелеген ережелерін жетілдіруге бағытталған. Алдағы уақытта осы заңдар цифрлық кеңістікті дамытуға және цифрлық технологияларды мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып тиімді қолдануға заңнамалық мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді палата төрағасы.

Қазақстанда 8 криптобиржа тіркелген

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Астана халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің басқарма төрағасы Ернұр Рысмағамбетов цифрлық актив саласындағы үдерістер туралы айтты.

«АХҚО экожүйесінде сегіз криптобиржа тіркелген, тағы 19-ы тіркелуді жоспарлап отыр. Қамтамасыз етілмеген қанша криптоактив бар екендігі туралы ресми статистика жоқ. Кейбір мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда криптоактивтерді пайдаланушылар саны 100 000 азаматтан миллионға дейін жетеді. Егер жалпы көлем туралы айтатын болсақ, онда әртүрлі бағалаулар бар, яғни бірнеше миллиардтан бірнеше ондаған миллиардқа дейін жетуі мүмкін», - деді Е. Рысмағамбетов Сенаттың жалпы отырысында депутаттардың сұрағына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, цифрлық активтер туралы заң майнинг саласындағы барлық процесті ретке келтіруге мүмкіндік беретін болады.

Атап айтқанда, қазіргі кезде цифрлық активтер мен майнинг саласы өте жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Қазақстан азаматтарының халықаралық криптовалюта биржаларына тіркелу қарқыны да жаман емес.

«Бейресми деректерге сәйкес, бір миллионнан астам қазақстандық халықаралық криптовалюта биржаларында тіркеліп, криптовалюта саудасына қатысып отыр», - деді сенатор Сергей Карплюк.

Оның сөзіне қарағанда, криптовалютаға қатысты жүргізілетін операциялардың барлығы «көлеңкеде» қалып отыр, яғни Қазақстанның құқықтық алаңынан тыс.

«Осы орайда криптовалюта нарығының ашықтығы мен қауіпсіздігін енгізу аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының платформасында криптовалюталарды сату және сатып алу бойынша келісімдердің құқықтық шарттарын қамтамасыз ету ұсынылып отыр. Бүгінгі күні цифрлық майнинг жоғары табысты қызмет ретінде танылды. Дегенмен, қазіргі уақытта қазақстандық майнерлер өздерінің күшін шетелдік пулдарға біріктіріп келді. Осыған байланысты уәкілетті органдар цифрлық майнерлердің нақты кірісін жариялай алмайды. Атап айтқанда, бүгін Сенатта қаралған заң аясында тиісті нормалар қарастырылып, цифрлық майнингті жүзеге асыру тек тіркелген пулдар арқылы мүмкін болады. Бұл ретте цифрлық майнингті аккредиттеу қазақстандық майнерлердің нақты кірістерін толық жариялауға және оларға салық салу нормаларын қолдануға мүмкіндік береді», - деді С. Карплюк.


Соңғы жаңалықтар