Қазақстанда бизнес несиелердің қолжетімдігі артпақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бизнес несиелердің қолжетімдігін арттырудың жаңа қадамдары іске асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Нәтижелі жұмыс және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын таныстыру барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы мақсаттарда бағдарлама аясында қазір қолданылып отырған «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Агробизнес» шағын несиелендірудің барлық тетіктерін біріктіру қарастырылып отыр. Екіншіден, шағын несиелерді ауылдармен қатар, қалаларға ұсыну ескерілген. Бұл несиелер тек шағын бизнесті ашу мен жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар кооперативтерді құруға және тұрмыстық инфрақұрылымды жақсартуға беріледі»,-деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін несие сомасын қазір қарастырылған 6 млн. теңгеден 16 млн. теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Сәйкесінше, қарызды қайтару мерзімі 7 жылға дейін ұлғаяды.

Ал қалған қызметтер үшін шағын несиелер «Жұмыспен қамту жол картасының» қолданыстағы талаптарына сәйкес беріледі, яғни бес жыл мерзімде 6  млн. теңгеге дейін. Несиенің жылдық мөлшерлемесі қарыз алушыға 6 пайыз деңгейінде сақталады.

Мұнымен қоса, несиелердің қолжетімдігін кеңейтуге бағытталған тағы бір жаңа шарада қаржы институттарынан кепілдік болған жағдайда, кепілзатсыз 1,5 млн. теңгеге дейін сомада несие беру қарастырылған.

«Бұл тәжірибені бүгінде «Даму» қоры қолдап отыр. Менің ойымша, біз оны осы бағдарлама аясында қолдана аламыз»,-деді Т. Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар