Қазақстанда бизнес-климатты жақсарту реформаларының 8-топтамасы қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Заңнамалық шаралардың 8-ші топтамасы аясында бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша заңнамалық түзетулерді енгізу көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бизнес-климатты жақсарту бойынша реформалардың 8-ші топтамасы аясында алдымен шарттарды тіркеу рәсімін жеңілдету жоспарланған. Сондай-ақ, қосымша құн салығын төлеушіні тіркеу рәсімі жылдамдайды. Бизнесті тіркеу кезінде онлайн режімде банк шотын автоматты түрде ашу көзделеді. Сондай-ақ жекелеген рәсімдер бойынша қайталанатын артық хабарламалар алынып тасталады. Заңды тұлғалар бойынша жылжымайтын мүлік туралы ақпарат ашылады. Бұл бизнес-операцияларды қолайлы жасауға мүмкіндік береді», - деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында.

Министр сонымен қатар «Бизнеске арналған үкімет» сервисінің артықшылықтарын атады.

«Қызмет көрсетудің бірыңғай кеңсесі қағидаты бойынша мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа форматы енгізіледі. «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай кеңсесінде кәсіпкерлер өз бизнесін дамыту, құзыреттерді арттыру мен қаржыландыру мәселелері бойынша қызметтер мен консультациялардың ауқымды жиынтығына ие болмақ. Бірыңғай кеңседе кәсіпорын ашу, салық декларациясын беру, банк шарттарын салыстыруға және басқа да әрекеттерді жасауға болады. Яғни, енді кәсіпкерлер туындаған барлық сұрақтардың жауабын бірыңғай кеңседен алады. «Бизнеске арналған үкімет» жобасын іске қосу осы жылдың маусым айына жоспарланған», - деді ол.

Еске сала кетсек бүгінгі Үкімет отырысында Асқар Мамин Ұлттық экономика министрлігіне 1 шілдеге дейін «Бизнеске арналған Үкімет» жобасын іске қосуды тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар