Қазақстанда бизнес-инкубаторларды қолдау жобалары іріктелуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ бизнес-инкубаторларды қолдау бағдарламасы бойынша жобаларды іріктеуді өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бағдарлама аясында елімізде бизнес-инкубаторларды құру жоспарланып отыр, яғни кейіннен олардың айналасында стартап-жобалар шоғырланатын болады.

Биылғы 14 маусым мен 3 шілде аралығында агенттік конкурсқа қатысуға ниетті бизнес-инкубаторлардан құжаттар қабылдады. Жалпы, 12 өтінім түсіп, сараптама нәтижесінде 10-ы іріктелді. Белгілі болғандай, бүгінгі комиссия отырысында үш бизнес-инкубатор іріктелініп, олардың әрқайсысымен 3 жылға келісімшарт жасалады.

«Олар өздерінің жобасы туралы эссе жазуы тиіс. Негізі, инкубаторлар супер идеяларды пысықтамайды, олар нақты идеялар жиналатын инфрақұрылымдық алаңға айналуды мақсат тұтады. Бизнес-инкубаторлар идеялар тартылатын орталық болуға қауқарлы, себебі оларға қаржылық тұрғыда қолдау көрсетіледі. Өз кезегінде аталған орталықтарға стартаптар шоғырлануы тиіс», - деп түсіндірді «ТЖДҰА» АҚ технологияларды коммерцияландыру орталығының директоры Нұрлан Байженов.

Айта кетейік, үміткерлер арасында жоғары оқу орындары да бар.

«Жалпы, университеттер бұл индустрияның маңызды элементтерінің бірі, өйткені көптеген жобалар оқу орындарынан пайда болатынын білесіздер. Сондықтан олар бизнес-инкубаторларды өңірлерде құруда. Атап айтқанда, біз 3 бизнес-инкубаторды таңдап аламыз. Кейіннен оларға қолдау білдіреміз. Нәтижесінде, олар стартап-жобалар тартылатын орталық болады», - деді Н. Байженов.

Бағдарлама аясында бизнес-инкубаторларға қаржылық әрі әдістемелік көмек жасалады. Оның ішінде жеңімпаздарға мемлекет операциялық шығыстардың 50 пайызын бірлесіп қаржыландырады, алайда жылына 35 млн теңгеден артық бөлінбейді. Сонымен қатар, бизнес-инкубаторлардың тиімді жұмысын құру үшін шетелдік сарапшыны тарту жолымен әдістемелік қолдау жасалады.

Алдағы жылы осы бизнес-инкубаторлардан шыққан стартап-жобаларда 50 млн теңге көлемінде мемлекеттік грантты алу мүмкіндігі болады.

«2019 жылы аталған бизнес-инкубаторларда дамуға мүмкіндік алған перспективасы бар стартаптар жоба құнынан 80 пайыз көлемінде грант алады, бірақ та ол сома 50 млн теңгеден аспайды. Бұл таза грант ретінде қарастырылады. Яғни жоба даму жолына түсіп, бизнес-инкубатормен шарт бекітіледі. Кейіннен олар бірлесіп жобаны дамытып, идея толыққанда іске асырылса, аталған грантқа өтінім беру мүмкіндігіне ие болады», - деді Нұрлан Байженов.

Соңғы жаңалықтар