Қазақстанда биыл қандай жаңа салық түрлері енгізіледі
2022 жылғы 3 қаңтар 12:51

Қазақстанда биыл қандай жаңа салық түрлері енгізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылы 20 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық туралы заңға енгізілген өзгерістерге қол қойды. Осыған байланысты 2022 жылдан салықтың бірқатар жаңа ережесі күшіне енеді.Мәселен, бұдан былай шетелдің интернет-компаниялары қосымша құн салығын төлесе, цифрлы майнингпен айналысатын заңды және жеке тұлғалар да биылдан бастап салық төлейтін болады. Сонымен қоса, кәсіпкерлерге қатысты бірқатар өзгеріс бар. Енді олар мобильді аударымдар үшін салық төлейді, сондай-ақ оларға жаңа мобильді қосымшаның арқасында салық төлеу процесі жеңілдетіледі. Осы орайда, жылдың басынан бастап ҚР Салық кодексіне енгізілген өзгерістер жөнінде, сондай-ақ жаңа салық түрлерінің жүзеге асу барысы туралы КазАқпарат сарашысының материалынан оқи аласыздар.

Шетелдік интернет компаниялар қосымша құн салығын төлейді

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексінің Қазақстан аумағында орналасқан жеке тұлғаларға сатылған тауарлары, көрсетілген қызметтері үшін шетелдік интернет-компаниялардың қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеу жөніндегі міндеттемелері туралы нормалар күшіне енеді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қызметтері мен тауарларын онлайн платформалар арқылы сататын барлық шетелдік компаниялар Қазақстан бюджетіне ҚҚС төлеуге міндетті болады. Еске салайық, ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12%-ын құрайды.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амриннің хабарлауынша, мұның қазақстандық салық төлеушілерге қатысы жоқ.

«Төлем тәртібі өте қарапайым. Компаниялар салық салу мақсатында тіркелмейді. Оңайлатылған тәртіпте салық органдарына хат жолдап, ҚҚС төлеуге дайын екені туралы хабарлайды», - деді вице-министрі.

Азамат Амриннің мәліметінше, әкімшілендіру шетелдік интернет-компаниялар аударған сомалар туралы екінші деңгейлі банктердің деректері негізінде жүзеге асырылады. Әкімшілік мақсаттар үшін төлем жүйелерін пайдалана отырып, төлемді және/немесе ақша аударымын алушы ретінде шетелдік компанияны сәйкестендіретін белгілердің бірегей жиынтығы болып табылатын Merchant ID немесе MID ұғымын белгілеу ұсынылады. Merchant ID – шетелдік интернет-компаниялар беретін реквизиттердің бірі. Ол бойынша банктер тиісті төлемдер мен ақша аударымдарын сәйкестендіреді.

Ұлттық экономика министрлігінің айтуынша, бұл – халықаралық тәжірибе. Мәселені қарастыру кезінде халықаралық, Еуропа елдерінің де, таяу көршілеріміз Ресей мен Беларусьтің де тәжірибесі зерттелген.

Аталған министрліктің болжамынша, осы ҚҚС салығы есебінен бюджетке жылына 2 млрд теңге түседі.

Цифрлы майнингке салық енгізіледі

2021 жылдың 24 маусымында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлы майнинг үшін төлем енгізу туралы заңға қол қойған еді. Енді 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлы майнингпен айналысатын заңды және жеке тұлғалар салық төлейді.

Төлем криптовалюта өндіру кезінде тұтынылған электр энергиясының көлемі үшін алынады. Жалпы, майнинг кезінде тұтынылған электр энергиясының 1 киловат/сағатына 1 теңге мөлшерінде төлемақы алу жоспарланып отыр. Төлемақы сомасын цифрлық майнингті жүзеге асыру кезінде тұтынылған электр энергиясының нақты көлемдерін және төлемақының белгіленген ставкасын негізге ала отырып есептейді.

Айта кетейік, майнинг дегеніміз – криптовалюта өндіру тәсілі.

Салық төлеушілер өз қызметінің нәтижелері туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетіндегі майнинг мәселелері жөніндегі уәкілетті органға хабарлауы керек.

Мобильді аударымдар үшін салық төлеу қажет

25 қарашада ҚР Парламенті сенатының депутаттары «мобильді төлемдер» түсінігін енгізетін құжатты қабылдап, мемлекет басшысының қарауына жіберген болатын. 20 желтоқсан күні ел президенті аталмыш заңға қол қойды. Құжатта «мобильді аударымдар» және «ұялы төлемдер» ұғымдары ажыратылып көрсетілген. Соңғысы тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлеуге пайдаланылады. Бұл кәсіпкерлер табысының салық декларациясында дұрыс көрсетілуіне мүмкіндік береді.

Мобильді төлемдерге қатысты нормалар 2022 жылдың 1 наурызынан бастап күшіне енеді.

Заңға сәйкес, кәсіпкерлер мобильді аударымдар үшін салық төлейді. Ол үшін кәсіпкерлер жеке шот ашуы тиіс. Енді клиенттер алған тауарларының ақысын кәсіпкерлер ашқан шотттарға жібереді. Банктер де салық органдарына қажет ақпарат беруге міндетті болады.

Атап айту керек, бұл салық түрінің жеке тұлғаларға ешқандай қатысы жоқ.

Сонымен қоса, бұған дейін заңды дайындауға қатысқан депутаттар салық мөлшерінің өспейтінін айтқан. Мәжілісте өткен жиында ҚР Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев те салық мөлшерінің артпайтынын тілге тиек етті.

«Мобильді аударымдарға қатысты салық мөлшері өзгермейді, яғни өспейді. Бірақ кәсіпкерлер өз табысын ашық көрсетуі тиіс. Сонымен қоса, клиенттерге чек беруге міндетті. Сауда заң аясында іске асырылуы керек», - деді вице-министр.

Жеке кәсiпкер ретiнде тiркелмеген бірақ кәсiпкерлiк қызмет белгiлерi бар тұлғалардың мобильдi төлемдерi туралы деректер тек 2025 жылдан бастап беріледі деп жоспарланған.

Қаржы министрлігі бұған дейін мемлекет басшысының өкімімен 3 жылға енгізілген қолданыстағы мораторий аясында жеке кәсіпкерлер 2022 жылдың соңына дейін табыс салығын төлеуден босатылғанын еске салады.

Жеке кәсіпкерлерге салық төлеу процесі жеңілдетіледі

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлер «е-SalyqBusiness» арнайы мобильді қосымшасын пайдалану арқылы салық төлей алады.

Аталған ережелерге сәйкес, мобильді қосымша кәсіпкерлердің салықтық міндеттемелерінің орындалуын жеңілдетеді. Осылайша, мобильді қосымшаны пайдалану арқылы жеке кәсіпкер ретінде онлайн тіркеліп, салықтар мен әлеуметтік төлемдерін есептей алады. Сонымен қоса көрсетілген арнаулы салық режимін қолданатын тұлғалар үшін салықтық есептілік нысандарын (СЕН) ұсынуды алып тастау да қарастырылған.

Отандық өндірушілерді қолдау үшін бағалардың ең төменгі деңгейі қолданылады (БЕТД)

Бағалардың ең төменгі деңгейі (БЕТД) – ҚР сауда және интеграция министрлігі тізбе бойынша белгілейтін импортталған тауарлар бойынша қосымша құн салығын (ҚҚС) есептеу кезінде құнды белгілеу үшін енгізілген сауда саясатының жаңа құралы. Бағалардың ең төменгі деңгейін қолдану да 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Мемлекеттік кірістер органдары Еуразиялық Экономикалық Одақ (ЕАЭО) елдерінен тасымалданатын жүктерді мониторингілеу барысында көптеген бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде әкелінетін тауарлар құнының төмендетілгені де белгілі болған. Бұл фактілер салық базасының төмендеуіне байланысты қосымша құн салығының жоғалуына әкеліп соғады. Сонымен бірге, адал кәсіпкерлер мен өндірушілер арасында тең емес бәсекелестік жағдайларының орнауына әкеледі.

ЕАЭО елдерінен белгілі бір тауарларға бағалардың ең төменгі деңгейін енгізу - әкелінетін тауарлардың құнын төмендету фактілерінің алдын алуға ықпал етеді, сондай-ақ салық салынатын базадан қосымша құн салығын алуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, мұндай шара отандық тауар өндірушілерді қолдауға және қорғауға бағытталған.

Жаңа негізгі қорларды қайта инвестициялауға бағытталған кірісті корпоративті табыс салығынан (КТС) босату

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа негізгі қорларды қайта инвестициялауға бағытталған кірістен корпоративті табыс салығы ұсталмайды.

Инвестициялық ахуалды жақсарту және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мақсатында Өңдеуші өнеркәсіптің шағын кәсіпкерлік субъектілеріне өндірісті дамыту үшін (өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды сатып алуға немесе салуға қатысты) қайта инвестиция салатын болса, оның кірісіне корпоративті салық салынбайды.

Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілгендер қандай декларацияны тапсырады

2022 жылдан бастап қазақстандық мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілгендер мен олардың жұбайлары (зайыбы) кірістері мен мүлкі туралы 270.00 нысанды декларацияны ұсынады. Бұған дейін жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі аясында аталған тұлғалар активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырған болатын.

Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияның нысаны мен оны толтыру қағидалары Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылдың 13 қыркүйегіндегі № 927 бұйрығымен бекітілді.

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, келер жылдан бастап олар кірістері мен мүлкі туралы декларацияда жеке тұлғалар күнтізбелік жыл ішінде алынғанкірістері туралы (оның ішінде елімізден тыс жерлерде алған кірістері де бар), сондай-ақ мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті сатып алғаны немесе иеліктен шығарғаны туралы (оның ішінде елімізден тыс жерлердегі мүлік те бар) ақпаратты көрсетуі тиіс.

Бұдан басқа, декларацияда жеке тұлғалар есепті салық кезеңі ішінде:

- жылжымайтын мүлікті (пәтер, үй, жер учаскесі және т.б.);

- механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін (автокөлік, тіркеме және т.б.);

- заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін;

- бағалы қағаздарды (акциялар, облигациялар, вексельдер және т.б.);

- инвестициялық алтынды;

- туынды қаржы құралдарын;

- тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін сатып алуға жұмсаған шығындарын растап, мәліметтерді көрсетуі қажет.

Декларация жеке тұлғаның тұрғылықты (тұратын) жері бойынша ұсынылады.

Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын (250.00-нысаны) табыс еткен азаматтар үшін кірістері мен мүлкі туралы декларацияны табыс ету мерзімі:

- қағаз түрінде 2022 жылдың 15 шілдесіне дейін;

- электронды түрде 2022 жылдың 15 қыркүйегіне дейін.

Жалпы, салық туралы заңға енгізілген мұндай өзгерістер мен түзетулер салық мониторингiнiң тиiмдiлiгiн арттыруға, Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына, сонымен бірге салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталып отыр.

Назерке Сүйіндікова


Jańalyqtar

MURAǴAT