Қазақстанда бір жыл ішінде бензин бағасы қаншалықты арзандады - зерттеу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда бензин бағасының арзандағаны байқалады. Дегенмен, жазғы дизель отыны 16, ал қысқы дизель отыны 23 пайызға айтарлықтай қымбаттай түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда бензиннің бөлшек саудадағы орташа бағасы біршама төмендеген. 2019 жылдың сәуір айының қорытындысында АИ-92 маркалы бензин бағасы бір жыл ішінде 8 пайызға арзандап, 1 литріне 148,3 теңге болды. Ал АИ-95/96 бензинінің литрі 168,8 теңгеге дейін (5,3 пайызға), АИ-98 бензині 186,9 теңгеге дейін (3 пайызға) арзандады.

Дизель отыны керісінше бір жылдың ішінде айтарлықтай қымбаттады. Мәселен, қысқы дизель 23 пайызға көтеріліп, литрі 259,3 теңгеге жетсе, бағасы 16,3 пайызға көтерілген жазғы дизельдің бір литрі 191,8 теңге болды.

Автожанармай құю стансаларының (3805), автогаз құю стансаларының (1480), автогаз толтыру компрессорлық стансаларының (11) жалпы саны өткен жылдың басында 5296 бірлікке жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,8 пайызға артты.

2017 жылдың ішінде аталған стансалардағы мұнай өнімдерінің бөлшек сауда көлемі ақшаға шаққанда 886,8 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 21,3 пайызға артық. Оның ішінде 601,2 млрд теңгеге бензин, 233,5 млрд теңгеге дизель отыны, 52,1 млрд теңгеге пропан мен бутан және 5,7 млн теңгеге сығылған табиғи газ сатылды.

Соңғы жаңалықтар