Қазақстанда бір ғана кәсіпорында ай сайын 100 келі алтын ұрланады
2017 жылғы 31 наурыз 10:42

Қазақстанда бір ғана кәсіпорында ай сайын 100 келі алтын ұрланады

АСТАНА. ҚазАқпарат -Алтын өндіретін кәсіпорындар аталған шикізатты заңсыз өндіру және сату әрекеттері үшін жауапкершілікті күшейтуді сұрап отыр. Себебі бір ғана «Қазақалтын»тау-кен комбинатына қарасты шахталарда ай сайын жүздеген келі алтын ұрланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, біздің есебімізге сәйкес, комбинатқа қарасты кен орындарда ай сайын заңсыз жолмен 100 келі алтын ұрланады. Соның салдарынан компанияға біраз шығын келіп отыр. Оған қоса, бюджетке миллиондаған салықтар түспей жатады», - деді «Қазақалтын»компаниясының бас директоры Евгений Балашов Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының кеңесінде.

Оның айтуынша, бүгінде компанияға қарасты нысандардың территориясына заңсыз кіріп, шахталар мен карьерлерге түсу оқиғалары азаятын емес. Алтынды өз бетімен іздейтіндер кеніштердің оқпандары мен ойықтары арқылы жердің астына түсіп, бағалы шикізатты ұрлап жүр. Олардың ішінде жергілікті халықтан бөлек өзге облыстардың азаматтары, тіпті көрші елдерден келетіндер де баршылық.

«Шахтаға заңсыз түсетіндер бұрғылау құралдары мен жарылғыш заттарды пайдаланып, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Ондай кәсіп еш толастайтын емес. Себебі елді мекендерде алтын рудасын өңдеу мен сатып алу орындары бар. Бүгінде осы саладағы заңнаманы жетілдіру керек. Сонда ғана заңсыз алтын өңдеу кәсібіне тұсау салуға болады», - дейді «Қазақалтынның» басшысы.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT