Қазақстанда бір айда 1,5 мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады, ал рұқсат етілмеген қоқыс орындарының үлесі өткен жылы 7 400-ге жетті. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады. 2021 жылы қайта өңдеу мен кәдеге жарату үлесі өсіп, 21,1% болды. Дегенмен, қалдықтардың пайда болу көлемін ескерсек, бұл көрсеткіш жеткіліксіз», - деді Зүлфия Сүлейменова елордада Green energy and waste recycling forum жиынында.

Спикер заңсыз полигондарды анықтау үшін Экология министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясымен бірге жұмыс істеп жатқанын айтты. Сондай-ақ, өткен жылы Қазақстанда 7 400-ге жуық заңсыз қоқыс үйіндісі анықталғанын, олардың көпшілігі жойылғанын айтты.

Одан бөлек, Зүлфия Сүлейменова биылғы заңсыз қоқыс көрсеткіштеріне де тоқталды.

«Биыл мамыр айының басында рұқсат етілмеген полигондарды анықтай бастадық. Маусым айының ортасына дейін шамамен мың жарымнан астам рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталды. Мұның бәрі мәселенің қандай ауқымды екенін көрсетеді. Жергілікті және атқарушы органдармен бірге қоқыс тастайтын жерлерді жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл полигондар мен қалдықтар пайда болмас үшін біз не істей алатынымызды және не істеуіміз керек екенін қарастыруымыз қажет», - деді вице-министр.

Форум барысында Зульфия Сүлейменова 2030 жылға дейін жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға бірқатар индикатор мен көрсеткіш енгізілгенін, оның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40%-ға және 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізу бар екенін еске салды.

«Бірқатар шара қабылдадық. Жаңа экологиялық кодекс әзірленді, ол 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Қалдықтарды қауіпсіз басқаруды ұйымдастырудың негізін қаладық. Бірінші кезекте, фракциялар бойынша қалдықтарды бөлек жинауға қойылатын талаптар белгіленді. Қалдықтардың қозғалысын бақылау үшін оларды түгендеу туралы есепті оңтайландырдық. Қалдықтарды басқару жүйесінің негізгі өткізушісі – жергілікті атқарушы органдар. Біз оларға құзыреттердің бір бөлігін бердік. Сонымен қатар, әрбір жергілікті атқарушы орган өзінде қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуі тиіс», - деп түсіндірді ол.


Соңғы жаңалықтар