Қазақстанда бір аптада 3 мыңнан астам қылмыс тіркелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі соңғы аптада ел аумағында тіркелген қылмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір апта ішінде 3266 қылмыс жасалды, оның 2033-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері 6 кісі өлтіруді, 7 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 2 қарақшылық, 38 тонау және 463 бөтен мүлікті ұрлау қылмысын «ізін суытпай» ашқан», - деді ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек министрлік ұйымдастырған брифингте.

Сондай-ақ, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады. Президентке еліміздегі криминогендік жағдай туралы мәлімет берілді.

Ведомство басшысының айтуынша, қылмыстық істер көрсеткіші 7,6 пайызға төмендеген.

Соның ішінде денсаулыққа ауыр зақым келтіру, қарақшылық, тонау, мал ұрлығы, бұзақылық, алаяқтық және зорлау деректері айтарлықтай азайған.

«Министр қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстарды тергеп-тексеру, кінәлілерді анықтап, жауапқа тарту, ұрланған қаруларды заңсыз айналымнан алу жұмыстары жөнінде есеп берді. Мемлекет басшысы қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен серіктестік орнату арқылы шешуге негізделген полицияның сервистік моделін енгізу барысымен танысты. Марат Ахметжанов Президентке Ішкі істер министрлігінің қызметін бюрократиядан арылту, цифрландыру және жұмыс үдерісін автоматтандыру, ішкі рәсімдерді оңтайландыру жөнінде баяндады», - деді Ш. Тұрлыбек.


Соңғы жаңалықтар