Қазақстанда бір адамға сатылатын дәрі-дәрмектің саны шектеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова елде әр адамға дәрі-дәрмек шектеулі түрде сатылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз әкімдіктермен және бөлшектік сауда желілері қауымдастықтарымен меморандум жасадық. Яғни бір адамға препарат 2-3 қаптама күйінде, шектеулі түрде сатылатын болды. Себебі ем-дом курсына дәл сонша препарат керек. Үйде препараттар босқа жатып қалмауы керек. Себебі олардың әрқайсысының өз жарамдылық мерзімі бар», - деді Людмила Бюрабекова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге ол бір үйде бірнеше адам ауырып жатса, дәрі-дәрмекті сату жағынан шектеу болмайтынын жеткізді.

«Бұл - дәрігердің рецепті. Дәрігер ем-дом алу үшін тиісті курс бойынша пациентке дәрі жазып береді», - деді ол.

Еске сала кетсек, Людмила Бюрабекова бұған дейін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеу хаттамасына жаңа схема енгізілгенін мәлім еткен еді. Оның айтуынша, қазақстандық дәрігерлер анасынан коронавирус жұқтырып туған 21 сәбиді емдеп шығарған.



Соңғы жаңалықтар