Қазақстанда білімді қоғам мәдениетін қалыптастыру тұжырымдасы әзірленеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде білімді қоғам мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы тұжырымдама әзірленбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ендігі мемлекеттік саясаттың басты міндеті - «Жаңа Қазақстанды» құру. Жаңа экономикалық саясатты іске асырып, халық табысын арттыру. Бұл бірі-бірімен тығыз ұштасып жатқан міндеттер. Оны нәтижелі іске асыруда азаматтардың білім деңгейі мен мәдениеті шешуші рөл атқарады. Сондықтан білім саласының алдында тұрған басты мақсат - білімді қоғам мәдениетін қалыптастыру. Отандық жоғары оқу орындарында білім алушылар бойына білім мен біліктілікке құштарлықты, еңбексүйгіштікті, қоғам алдындағы жауапкершілікті қалыптастыру жетекші орынға ие болуы тиіс», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елордада өтіп жатқан «Адами капитал – жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» атты ғылым және жоғары білім форумында.

Оның айтуынша, студенттердің білімін бағалаудан бөлек, олардың тұлғалық, адамгершілік тұрғыдан даму деңгейін де ескеруі тиіс.

«Құндылыққа негізделген оқыту – қоғам алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілігі бар тұлға қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда ғылым және жоғары білім министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, академиялық қауымдастықпен бірге «Білімді қоғам мәдениетін қалыптастыру тұжырымдамасын» әзірлеуді тапсырамын», - дейді ол.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары жоғары оқу орындарының сапалы кадр даярлауда жауапкершіліктің артып отырғанын ерекше айтты.

«Өздеріңізге кейбір университеттерге академиялық еркіндік берілді. Алайда, жоғары оқу орындарының дамуын әрдайым министрлік бақылауында ұстау маңызды. Осыған байланысты университеттер қызметін бағалаудың жаңа критерийлері әзірленетін болады», - деді Е. Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар