Қазақстанда бес жылдан кейін 20 жылдан астам уақыт пайдаланылған көліктер үлесі 70 пайызды құрайды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 5 жылдан кейін 20 жылдан астам уақыт пайдаланылған көліктер үлесі 70 пайызды құрайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мәлім етті.

«Бүгінгі күні Қазақстанда 4 млн. жеңіл көлік болса, олардың тең жартысының орташа пайдаланылған мерзімі 19 жылды құрайды. Енді 5 жылдан кейін 20 жылдан астам уақыт пайдаланылған көліктер үлесі 70 пайызға жетеді», - деді А.Рау.

Вице-министрдің атап өтуінше, бұл көрсеткіш Германияда шамамен 8 жылды құрайды. Жалпы, ескі көліктердің жолдағы қауіпсіздігінен бөлек қоршаған ортаға тигізер зияны да көп.

«Сондықтан да, жасыратыны жоқ, Қырғызстан Кеден одағына кірер кезде біз көрші елден ескі-құсқы көліктің ағылуына жол бермейтіндігімізді айтқан болатынбыз. Қазіргі уақытта біз нақты шаралар енгіздік. Елге кіргізілетін көліктер ағымдағы жылы іске қосылған Кеден одағының техникалық регламенттеріне сай болуы тиіс. Ескі көліктердің ағылуына тосқауыл болатын екінші шара, бұл тіркеу алымының артуы болмақ», - деді ол.

Айта кетейік, алдағы уақытта 1 жылдан 3 жылға дейінгі уақыт жүрілген көліктерді тіркеу алымы 50 есептік көрсеткішті, ал жүрілген мерзімі 3 жылдан асқан автомобильдердің алымы 500 есептік көрсеткішті құрайтын болады. Мұндай өзгерісті көздейтін заң жобасы Мәжіліс мақұлдауынан өтіп, бүгінде Сенат қарауында жатыр.

Соңғы жаңалықтар