Қазақстанда бедеулігі бар адамдардың тізілімін жасау қажет – Салтанат Байқошқарова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда бедеулігі бар адамдардың тізілімін жасау қажет. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған ҚР Президенті Жолдауы аясындағы әлеуметтік басымдықтарды талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысында «Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының басшысы Салтанат Байқошқарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бедеулік мәселесімен айналысқаныма 32 жыл болыпты. Оның ішінде экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің алғашқы маманы ретінде енгізгеніме 25 жыл толыпты. Біз көбіне ақылы түрде қызмет көрсеттік. 2010 жылдан бастап мемлекетіміз 100 квотадан бастаса, биыл 1 мыңнан сәл асатын квотаға қол жеткіздік. Соған да қуанатынбыз. Бірақ, кешегі Президент Жолдауындағы 7 мың квота бөлу шешімі біз үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені, бізге келетін адамдардың барлығы бірдей 1 миллион теңге таба алмайды. Бұл ақшаның жартысы дәріге кетеді. Сондықтан бұл үлкен көмек және пациенттеріміздің барлығы қуанып жатыр. Күтпеген жағдай болды. Біз көп болса 2 есе көбейтер деп ойлаған едік», - деді ол.

Дегенмен, ол бұл квота еліміздегі бедеулік мәселесін 100 пайыз шеше алмайтындығына назар аудартты. Есепте тұрған пациенттердің 60-70 пайызына 1 жыл ішінде мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

«Денсаулық сақтау министрлігімен біраз жұмыс істеп, ұсыныстар жасағанбыз. Өткен жылы министрді де шақырып, орталығымызды көрсеткен едік. Сол кезде көтерген мәселелер әлі шешілген жоқ. Енді Президент Жолдауынан кейін министрлікпен қызу жұмыс істейміз деп ойлаймын. Ең басты мәселе – елімізде бедеуліктің тізілімі жоқ. Біз жалпы сөзбен «5, 6-шы отбасы бедеулікпен бетпе-бет келеді» деп айтамыз. Алайда, олардың барлығына арқау болатын статистика жоқ. Сондықтан цифрландыру заманында қанша адам бедеулікке ұшырағандығын анықтау қажет. Яғни, бедеу адамдарды тіркеу мәселесін дұрыстап, база, тізілім жасауымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарын, хаттамаларын өзгертуге тиіспіз», - деді Салтанат Байқошқарова.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні жариялаған Жолдауында ЭКО бойынша квотаны 7 мыңға дейін арттыруды тапсырды.
Соңғы жаңалықтар