Қазақстанда базалық зейнетақы екі есеге өсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап Қазақстанда базалық зейнетақыны есептеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Оған сәйкес, бір миллионға жуық зейнеткердің базалық зейнетақысы екі есеге өсті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне тәуелді болады. Бүгінде базалық зейнетақы барлығына бірдей төленіп отыр. Ал оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін құрайды. Ол - шамамен 15 274 теңге. Енді, базалық зейнетақы еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне қарай төленеді. 

«Мәселен, зейнеткердің еңбек өтілі болмаса, сосын зейнетақы жинақтау жүйесіне мүлдем қатыспаса, я болмаса, еңбек өтілі 10-ақ жыл болса, оған жаңағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін - 15 274 теңгені төлене береді. Ал 10 жылдан артық еңбек өтілі бар адамға қосымша әрбір жыл үшін 2 процент қосылады. Сонда 33 жылдық еңбек өтілі бар адам базалық зейнетақының толық мөлшерін - 28 284 теңгені ала алады. Әрбір адам өзінің зейнетақы мөлшерін «электронды үкімет» порталынан, я болмаса, «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-кеңселерінен біле алады. Сол жерде толық анықтаманы да алуға мүмкіндік бар. Бүгінде қайта есептеу шаралары атқарылып, әрбір адамның зейнетақысы автоматты түрде белгіленді. Сондықтан қосымша құжаттарды әкелудің қажеті жоқ», - дейді С.Жақыпова.

Бұдан бөлек, белгілі бір себептерге жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса алмаған кейбір азаматтарға жеңілдік жасалады, олардың жұмыссыз жүрген жылдары еңбек өтілі деп жазылады. «Біріншіден, бала күтімімен үш жыл жүріп қалғандарға аталған уақыт еңбек өтілі деп жазылады. Бірақ ол уақыт 12 жылдан аспауы тиіс. Сол сияқты I және II топтағы мүгедектерге, сондай-ақ, 80 жастан асқан адамдарға күтіп жасағандарға да еңбек өтілі жазылады. Сосын әскери адам қызмет бабына байланысты басқа бір жерге жіберілсе, ал ол жерде оның жұбайына жұмыс табылмаса, оның да өткізген уақыты еңбек өтіліне жатқызылады. Дипломаттардың жұбайларына да тура сондай жеңілдік жасалады», - деп атап көрсетті С.Жақыпова.

Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде Қазақстанда 2 млн 148 мың адам базалық зейнетақы алып жүр. Олардың 44,5 проценті, нақты айтсақ, 940 мың адам базалық зейнетақының толық мөлшерін, яғни 28 284 теңгені алады. Сосын 931 мыңға жуық зейнеткер ең төменгі күнкөріс деңгейіне жақын 74-90 процентін алады. Қалған 120 мың адам ең төменгі көрсеткіш - 15 274 мың теңге ала береді. Себебі олардың еңбек өтілі 10 жылға да жетпейді. Базалық зейнетақыны көтеруге республикалық бюджеттен 530 млрд теңге бөлініп отыр.

 

Соңғы жаңалықтар