Қазақстанда байланыс стансаларын орнату ережесі қайта қаралады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Радиофобиясы бар отандастарымыздың қамын ойлай отырып, елімізде базалық байланыс стансаларын орнату ережесін қайта қарау жоспарланып жатыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің бастамамен қолға алынатын жаңа заң жобасы базалық байланыс стансаларын орнату ережелеріне қатысты болмақ. Базалық стансаларды орнатуға қатысты қоғамда бірыңғай пікір мен нақты ұстаным жоқ. Сондықтан аталған норманы қоғам белсенділерімен талқылап, көпшілікке түсіндіретін боламыз. Бұл жерде мәселе радиофобиясы бар азаматтарға тікелей қатысты болып тұр. Байланыс қызметін бәріміз пайдаланамыз, сондықтан мәселені артық шу мен дау-дамайға жеткізбеу керек», - деді Екатерина Смышляева «AMANAT» партиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Халық қалаулысының мәлімдеуінше, бүгінде радиофобия - бүкіл әлемде бар мәселе.

«Иә, радиофобияға қатысты түрлі пікірлер бар. Оның базалық байланыс стансасынан келетін зиян көп деушілер де табылып жатыр. Десек те стансадан келетін зияннан біз қолданып жүрген электроника құралдарынан келетін зиянның бірнеше есе артық екені айтылған ғылыми дәлелдеме бар», - дейді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тұрғындардың радиофобиясы байланыс сапасын арттыруға кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеген еді.

Оның айтуынша, бір-екі тұрғынның шағымына байланысты мамандар үйдің шатырындағы базалық байланыс стансасын алып тастауға мәжбүр.


Соңғы жаңалықтар