Қазақстанда баспана нарығындағы сауда-саттық азайды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Баспана нарығында мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің саны азайды. Бұл туралы Біріккен риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы бірнеше айда, яғни 2022 жылдың сәуірінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жеткіліктілік шегінің көлемі артқаннан бері нарықтағы шарттардың жалпы саны айтарлықтай төмендеді», - деді Н. Лукьяненко ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

Оның айтуынша, тұрғын үй нарығындағы жылжымайтын мүліктің барлық сегментінде сұраныстың азайғаны байқалып отыр.

«Бір айдағы келісімшарттардың жалпы саны 30-31мыңға дейін қысқарды. Дегенмен, бұл көрсеткішті де жақсы деп бағалауға болады», - деді сарапшы.

Еске салайық, биылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалану үшін ең төменгі жеткілікті шегі өсті. Жеткілікті шек адамның жас ерекшелігі бойынша әртүрлі бекітілген.

2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін БЖЗҚ салымшылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалануға 1 317 739 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шотына БЖЗҚ 3,1 трлн теңге аударды.



Соңғы жаңалықтар